Әлеуметтік желіде "Атыраулық хакер»"деген атпен танылған Нұрлан Жаңбырбаев сот үкімінен кейін алғаш рет пікір білдірді. Ол өзіне тағайындалған жазаны әділ деп санайтынын айтып, бұдан былай өзгенің әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұзумен айналыспайтынын мәлімдеді.
26 қарашада Атырауда Нұрлан Жаңбырбаевқа қатысты алаяқтық ісі бойынша сот үкімі жарияланды. Сот оны 12 адамды алдап, 13 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтіргені үшін кінәлі деп таныды.
Бастапқыда оған 4 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Алайда рақымшылық туралы заңның қолданылуына байланысты жаза мерзімі төрттен біріне қысқартылып, түпкілікті 3 жыл 6 ай болып белгіленді.
Сот шешімінен кейін Нұрлан Жаңбырбаев Instagram желісіндегі жабық парақшасында жазба жариялады. Ол жазасын әділ деп қабылдайтынын және ешкімге реніші жоқ екенін жеткізді.
"Иә, 3 жыл 6 ай условно берді, яғни өзіме тиісті жазамды алдым деп есептеймін! Ешкімді жамандамаймын, ренжімеймін", – деп жазды ол.
Жаңбырбаев осы уақытқа дейін өзін қолдаған азаматтарға алғыс білдіріп, олардың арасында мүлде танымайтын адамдар да болғанын атап өтті.
"Бұрын мен ойлайтынмын Қазақстанда әділдік жоқ деп, алайда қате ойлаппын. Әділ жазамды алдым деп есептеймін", – деді ол.
Нұрлан Жаңбырбаев жәбірленушілер алдындағы берешегін толық өтеуге ниетті екенін де мәлімдеді.
"Қарыз ол негізі мойнымызда тұратын нәрсе, сондықтан барлығын бір тиынына дейін қалғанын қайтаруға әрекеттенемін", – деп жазды ол.
Сот материалдарына сәйкес, алаяқтық ісінен 12 адамға жалпы 13 361 000 теңге материалдық залал келген. Оның 10 392 000 теңгесі өтелген.
Жаңбырбаев алдағы уақытта әлеуметтік желілердегі парақшаларды бұзу немесе өзгелерге осындай қызмет көрсету ісімен айналыспайтынын мәлімдеді.
"Мен енді бұдан былай еш нәрсеге араласпаймын деп шештім. Өзіммен өзім контентімді түсіріп, жұмыс жасап, тыныш өмір сүремін", – деп жазды ол.
Ол соңғы уақытта көптеген қиындықты бастан өткергенін, осы кезеңде жақын адамдары мен достарының кім екенін түсінгенін жеткізді. Жазбасының соңында өзін қолдаған көпшілікке алғыс айтып, елдің амандығын тіледі.