Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязова өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот барысында ол бастапқыда куәгер ретінде жауап бергенін, кейін қандай негізде күдікті мәртебесіне өткенін түсінбей отырғанын айтты. Оның сөзінше, материалдық қиындықтарға байланысты іс бойынша жан-жақты дайындалуға және тәжірибелі адвокаттың көмегіне жүгінуге мүмкіндігі болмаған.
Сәуле Жұбаниязова сондай-ақ екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын, тұрақты баспанасы жоқ екенін де жеткізді.
Айыпталушының айтуынша, 2016 жылы ғимараттың шамамен 30 пайызы қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні туралы кейбір ресми құжаттар бұрынғы басшылық кезінде жасырылған. Ол мүлік иелерінің бірлестігіне небәрі алты ай ғана жетекшілік еткенін айтып, осы кезеңде ғимараттың қасбетінде күмән тудыратын белгілер байқамағанын алға тартты.
Соттағы сөзінде Жұбаниязова ғимараттың сыртқы бөлігі көзге қалыпты көрінгенін атап өтті.
«Қасбетті арнайы тексеруден өткізу үшін 5-10 миллион теңге көлемінде қаржы қажет. Сырттай қарағанда ешқандай ақау байқалмайды. Ал ішкі құрылымдағы жасырын кемшіліктерді алдын ала анықтау оңай емес», – деді ол.
Осылайша айыпталушы қайғылы оқиғаға себеп болған ақаулар көзге көрінбейтін құрылыс кемшіліктерінен туындаған болуы мүмкін деген пікірін білдірді. Сот процесі жалғасып жатыр.