Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында болған ауыр қылмысқа қатысты тергеу амалдары әлі де жалғасуда. Ерлі-зайыптының қаза табуы және отбасының тағы екі мүшесінің із-түзсіз жоғалуы қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Мәйіттер табылғаннан кейін тергеу марқұмдардың күйеу баласына қатысты нұсқаны тексеруге көшкенімен, ресми органдар бұл іс бойынша әзірге толық ақпарат берген жоқ, деп kznews.kz тілшісі Arasha.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Резонанс тудырған оқиғаға байланысты соңғы мәліметтерді "Ақ Жайық" басылымы жариялаған. Тергеу деректеріне сүйенсек, күдікті ерлі-зайыптыларды қасақана өлтіріп, кейін қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасаған болуы мүмкін. Қаза тапқандардың денелері үй ауласындағы шаруашылық құрылыстан табылған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Мирамгүлдің мәйіті Геолог шағын ауданындағы септиктен табылды деген ақпарат тарағанымен, бұл дерек расталмады. Полиция аталған аумақта тінту жүргізіп, тергеу үшін маңызды бірқатар заттарды тәркіледі.
Сонымен қатар, Наурыздың ұялы телефоны Өзбекстан аумағында сигнал бергені ресми түрде нақтыланды. Алдын ала болжам бойынша, одан кейінгі бағыт Малайзия арқылы Индонезияға жалғасуы мүмкін.
Қазіргі уақытта жедел-іздестіру және тергеу жұмыстары тоқтаған жоқ. Алайда ресми құрылымдар іс бойынша қосымша мәлімет беруден әзірге бас тартып отыр.