KZNews.kz
Әлем

Қырғызстандық модель Сеулдегі көрсетілімге атасы мен әжесінің киімдерін киіп шықты

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Қырғызстандық модель Шадия Исаева Сеулдегі сән апталығында отбасының көзіндей сақталған киімдерден құрастырған образы арқылы жұрт назарын өзіне аударып, халықаралық Vogue журналының материалына арқау болды, деп хабарлайды Kznews.kz.

Подиумға ол ерекше кейіпте шыққан: үстінде атасының шапаны, басында әжесінің орамалы. Модельдің айтуынша, қолында толыққанды ұлттық киім болмағандықтан, туған-туыстарының естелігі болып қалған дүниелерді біріктіріп, жеке тарихын көрсетуге тырысқан. Әлеуметтік желіде дәл осы шынайы шешім қызу талқыланып, көпшілік үшін есте қаларлық сәтке айналды.

Исаева мұндай ауқымды қызығушылықты күтпегенін де жасырмады. Десе де, бұл оқиғаны өміріндегі ең жарқын кезеңдердің бірі деп бағалайтынын айтты.

11 ақпанда ол видео жариялап, соңғы күндердегі әсерімен бөлісті:

«Бұл – соңғы күндердегі шынайы реакциям. Мен дәл осылай көрінемін – иә, қатты таңғалдым. Әлі күнге дейін өзім туралы барлық жаңалық сайттары, пабликтер, Telegram-арналар мен телеарналар жазып жатқанын елестете алмаймын. Өте көп хабарлама, комплимент және сүйсінген сөздер алып жатырмын».

Айта кетейік, Vogue – сән индустриясында үрдіс қалыптастырып келе жатқан әлемдегі ең ықпалды халықаралық журналдардың бірі саналады.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →