Қырғызстанда 2027 жылы өтетін президент сайлауына қатысуға ниет білдірген алғашқы үміткер белгілі болды. Кәсіпкер Аймен Қасенов елдің Орталық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсыну туралы өтініш тапсырды.
Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметінше, Аймен Қасенов 14 қазанда президенттікке үміткер ретінде құжаттарын өткізген.
Ол сайлауға қандай да бір саяси партияның атынан емес, өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысуға ниетті.
Сайлау комиссиясы президенттікке кандидаттарды ұсыну кезеңі 2026 жылғы 13 қарашаға дейін жалғасатынын хабарлады.
Айта кетейік, құжат тапсыру кандидаттың ресми тіркелгенін білдірмейді. Ол үшін заңнамада белгіленген барлық рәсімнен өту қажет.
Аймен Қасенов кім?
Аймен Қасенов – Қырғызстанның кәсіпкерлік және басқару салаларында еңбек еткен азаматтарының бірі.
Ол 1974 жылғы 11 сәуірде Бішкек қаласында дүниеге келген. Жоғары білімі бар.
Қасеновтің бизнес саласында шамамен 25 жылдық тәжірибесі бар.
Әр жылдары «Газпромнефть-Қазақстан» компаниясының бас директоры, Ресей-Қырғыз даму қоры басқармасының мүшесі және Бішкек қаласы әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Бұл оның президент сайлауына алғаш рет қатысуы емес. Аймен Қасенов 2021 жылғы президенттік додада да бақ сынаған. Сол сайлауда ол сайлаушылар дауысының бір пайызынан азын жинаған.
Қырғызстанда президент сайлауы қашан өтеді?
Қырғызстан президентінің кезекті сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген.
Мұндай шешімді ел парламенті – Жогорку Кенеш 2026 жылғы 24 қыркүйекте қабылдаған.
Ал президенттікке үміткерлерді ұсыну рәсімі 13 қарашаға дейін жалғасады.
Сонымен қатар 16 қазанда Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы Аймен Қасеновтің сайлау мәселелері жөніндегі уәкілетті өкілі ретінде Виталий Мазыкинді тіркеді.
Алдағы уақытта президенттікке қатысуға ниет білдірген басқа азаматтар да тиісті құжаттарын сайлау комиссиясына тапсыра алады.
Еске салайық, Қырғызстанның қазіргі президенті – Садыр Жапаров. Ол бұған дейін келесі президент сайлауына қатысу ниеті бар екенін мәлімдеген.