Ринат Зайыт ол ұсынысты қабыл алып, жұмысқа кірісіп кеткен
Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық әскери патриоттық орталықтың басшысы болып Ринат Зайыт тағайындалған. Оған бұл ұсынысты жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов айтқан көрінеді, деп хабарлайды kznews.kz
Ринат Зайыт жаңа қызметі туралы «Adal Adam»подкасына сұхбат бере отырып айтып берген. Шілдеде депутаттық мандатын тапсырғаннан кейін ол біраз уақыт демалған екен.
«Шілде айында мандатымды тапсырдым. Бір-екі ай демалдым. Өйткені депутат болған 3,5 жыл біреу үшін білінбей өткен кезең шығар. Мен үшін ауыр болды. Әу бастан сұрақтарға жауап бергенде де «енді қайтып бұндай жұмысқа жоламауға тырысамын» дейтін едім. Өйткені ол жердегі жауапкершілік пен еңбектің еленбей қалуы көңілге қаяу салады. Одан кейін жұмысқа деген құштарлық азаяды», - дейді Ринат Зайыт өткен шағын еске ала отырып.
Ал қазан айының басында, Қазақстан әскеріне қатысты ауқымды реформа басталғанда жаңа Қорғаныс министрі Ринат Зайытқа аса жауапты жұмыс ұсынған. Зайыт «жаңа реформаның бір бөлшегі болу үшін» ұсынысты қабылдапты.
«Қазан айының басында жаңа Қорғаныс министрінің шақыруымен Қорғаныс министрлігінің жанындағы Әскери патриоттық орталыққа келдім. Орталықтың жұмысын қысқаша түсіндірсем, бұл Қорғаныс министрлігіне қарасты ансамбль, оркестр, әскери-патриоттық іс-шараларды ұйымдастыру, мәдени жұмыстарды ұйымдастыру, әскерге дейінгі жас сарбаздардың патриоттық қалпы, олардың отансүйгіштігін қадағалайтын бірден бір орталық. Елде болған соңғы жағдайлардан кейін Мемлекет басшысының әскердегі түбегейлі реформасы басталды. Және мен жаңа өзгеріске қатысуды жақсы көретін адам ретінде, сол реформаның кішкентай бөлігі болайын деп ұсынысты қабылдадым», - деді Ринат Зайыт.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 24-і күні Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың 14-і қаза тауып, 3-еуі ғана аман қалған. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сарбаздардың өліміне қатысты 25 қыркүйек күні Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
25 қыркүйек күні тергеу жұмысына салғырт қарағаны үшін Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасын кісендеп әкетті.
Екі күннен кейін Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты орнынан алып тастады. Дәл сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды.
Бірнеше күн бұрын Қауіпсіздік кеңесі әскердегі реформаға қатысты жаңа әрі нақты жоспар ұсынған. Ол жоспарға сай, енді әскердегі сарбаздар алты ай оқу орталығында, алты ай әскери бөлімде борышын өтейді. Бұл жоспарды президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдаған.