«Ақылды протекционизм»: сарапшылар Бектенов үкіметінің отандық өндірісті қолдау саясатын бағалады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Құрылтайға кімдер өтуі мүмкін?

Құрылтайға кімдер өтуі мүмкін?
Фото: Мәжіліс

Құрылтай сайлауы қарсаңында депутаттардың кім болатыны ғана емес, олардың қандай болуы керектігі де қызу талқыланып жатыр. Қоғамның бұл мәселеге қатысты өз ұстанымы бар. Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуіне қарағанда, азаматтар Құрылтайдан танымал адамдарды емес, елдегі өзекті мәселелерді шешуге қабілетті, тәжірибелі әрі кәсіби мамандарды көргісі келеді. Бұл талап Құрылтайдың алдында тұрған міндеттердің ауқымымен де байланысты, деп хабарлайды kznews.kz.

Қоғам Құрылтайда блогерлер мен шоу-бизнес өкілдерін көргісі келмейді

Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік зерттеу қоғамның кәсіби Парламентке сұранысы жоғары екенін көрсетті. Бұл туралы институттың басқарма төрағасы Жұлдызай Исқақова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазақстандықтар Құрылтай құрамынан блогерлер мен шоу-бизнес өкілдерінен гөрі, елдің өзекті мәселелерін шешуге қабілетті, тәжірибелі әрі білікті депутаттарды көргісі келеді.

«ҚҚДИ жүргізген әлеуметтік зерттеу қоғамның кәсіби Парламентке деген сұранысы жоғары екенін көрсетті. Азаматтар табыстың артуын, инфляция мен азық-түлік және қызмет бағасының төмендеуін, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті, жаңа жұмыс орындарының ашылуын және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалуын күтеді. Яғни, қоғам кәсіби Парламенттен нақты нәтиже күтеді», - деді Жұлдызай Исқақова.

Осылайша, зерттеу нәтижесі азаматтардың депутаттардан нақты жұмыс пен нәтиже күтетінін көрсетеді. Халық үшін табыс деңгейі, баға, жұмыс орындары, жемқорлықпен күрес және кәсіпкерлікке жағдай жасау сияқты мәселелер маңызды болып отыр.

Құрылтайда бәсеке жоғары болады

Бұрынғы Мәжіліс депутаттарының басым бөлігі жаңа Құрылтай құрамына қайта енуді көздейді. Алайда мандат санының азаюы бұл жолғы бәсекені бұрынғыдан да күшейтуі мүмкін.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Telegram-арнасында қазіргі депутаттардың Құрылтайға өту мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, партиялық тізімдердегі орын саны шектеулі болғандықтан, мандат үшін тартыс күшейеді.

«Көпшілігі «шаршадым, енді қажет емес» немесе «партия шешеді» деп айтқанымен, көзқарастарынан «жаңа Құрылтайда тағы бір шақырылым болса ғой» деген ниет байқалады», - деп жазды саясаттанушы.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, қазіргі депутаттар Құрылтайдағы орын үшін өз әріптестерімен ғана емес, өңірлік саясаткерлермен, кәсіпкерлермен, қоғам белсенділерімен және блогерлермен де бәсекеге түседі. Осы факторлардың барлығы жаңа Құрылтай құрамының айтарлықтай өзгеруіне әсер етуі мүмкін.

Ғазиз Әбішев жаңа Парламентте әртүрлі әлеуметтік және кәсіби топтардың өкілдері болуы ықтимал екенін айтады.

«Парламенттің құрамы біркелкі болмайтыны түсінікті. Оның ішінде қоғамның әртүрлі әлеуметтік, демографиялық және саяси топтарының өкілдері болады. Дәстүрлі құндылықтарды ұстанатын азаматтармен қатар, ресми және бейресми квоталар арқылы келген өкілдер де болуы мүмкін. Әр топтың ішінде белгілі бір саланы жақсы білетін мамандар бар. Бірі мәдениет саласының, енді бірі спорттың, діндар қауымның, ірі бизнестің, мемлекеттік аппараттың, жұмысшы табының немесе қоғамдағы пікір көшбасшыларының мүддесін білдіреді. Сонымен бірге Парламентте шешен сөйлейтін депутаттармен қатар, заң жобаларының көлемді құжаттарымен жұмыс істей алатын, белгілі бір саланы терең білетін және күнделікті жұмысты жауапкершілікпен атқаратын еңбекқор мамандар да болуы қажет», - дейді Ғазиз Әбішев.

Сарапшының болжамынша, бір палаталы Парламентте жастар мен салалық кәсіби мамандардың үлесі артуы мүмкін. Осыған байланысты Құрылтайға қайта барғысы келетін бұрынғы депутаттарға сайлаушылар алдында өздерінің нақты пайдасын көрсету маңызды болады.

Құрылтайға кімдер өтуі мүмкін?

Ғазиз Әбішев бұрынғы Мәжіліс депутаттарының арасынан Құрылтайға өту мүмкіндігі жоғары бірқатар адамның тізімін ұсынды.

Саясаттанушының айтуынша, тізім болашақ Парламент үшін маңызды саналатын бірнеше санат бойынша жиналған ұпай нәтижесінде жасалған.

«Бұл талдау тек Мәжіліс депутаттарына қатысты. Сенатта да Құрылтайға лайықты тұлғалар бар, алайда бұл – бөлек мәселе. Қысқа тізімге белгілі бір депутаттың енбеуі оның қайта сайлану мүмкіндігі төмен деген сөз емес. Мұның себебі тізімнің ықшам болуында.

Сонымен қатар қысқа тізім жасағанда партиялардың әртүрлілігі мен депутаттардың жас ерекшелігі де ескерілуі керек. Ал Парламенттегі саяси салмағы өте жоғары тұлғалар бұл талдауға әдейі енгізілмеді. Себебі олардың Құрылтайға қатысуы басқа факторлар мен бөлек тәртіпке байланысты анықталады», - деп түсіндірді Ғазиз Әбішев.

Сарапшы Құрылтайға өту ықтималдығы жоғары деп бағалаған бұрынғы Мәжіліс депутаттары қатарында:

  • Асхат Аймағамбетов (Amanat) – Әлеуметтік комитеттің төрағасы болды. Оның заң шығару жұмысына белсенді қатысуы, әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлуі және шешім қабылдауда байыпты ұстанымы ескерілген.
  • Серік Егізбаев («Ауыл») – Аграрлық комитеттің төрағасы әрі партия жетекшісі. Оның мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесі мен жұмыс жүйесін жақсы білуі артықшылығы ретінде бағаланған.
  • Айгүл Құспан (Amanat) – Халықаралық істер комитетінің төрайымы. Оның жоғары деңгейдегі дипломатиялық тәжірибесі және Парламенттегі дипломатиялық ықпалы назарға алынған.
  • Айдос Сарым (Amanat) – прагматикалық ұстанымымен ерекшеленеді. Оның сыртқы саясат мәселелеріне байыппен қарап, салқынқандылық танытатыны ескерілген.
  • Олжас Құспеков (Respublica) – прагматикалық көзқарасы, заң шығару жұмысындағы белсенділігі және мәселелерді егжей-тегжейлі зерттеуі артықшылық ретінде көрсетілген.
  • Сұңқар Ислам (Қазақстан халық партиясы) – Парламенттегі жас буын өкілдерінің бірі. Оның байыпты ойлайтыны және шешім қабылдауда рационалды ұстанымға сүйенетіні ескерілген.
  • Екатерина Смышляева (Amanat) – еңбекқорлығымен және жоғары жұмыс қабілетімен ерекшеленеді. Оның күрделі заң жобаларымен күнделікті жұмыс істеуге дайын екені және тұрақты жұмыс қарқынын сақтай алатыны назарға алынған.

Ғазиз Әбішев бұл тізімнің түпкілікті шешім емес екенін де айтады. Оның сөзінше, Құрылтайға кандидаттарды таңдауда партиялардың ұстанымы, жоғары лауазымды тұлғалардың шешімі және сайлаушылардың пікірі де маңызды рөл атқарады. Сол себепті соңғы тізім сарапшы ұсынған нұсқадан өзгеше болуы мүмкін.

Құрылтай қалай жасақталады?

Қазақстанда жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай депутаттарының сайлауы алғаш рет өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, дауыс беру 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген.

Жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай елдің бір палаталы заң шығарушы органына айналады. Бұған дейін заң шығару қызметін Сенат пен Мәжілістен тұратын қос палаталы Парламент атқарып келсе, енді бұл өкілеттік Құрылтайға беріледі.

Құрылтай заңдар қабылдап, республикалық бюджетті бекітеді, Үкімет қызметіне парламенттік бақылау жасайды және Конституцияда белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Заңға сәйкес Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар:

жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде;

жасырын дауыс беру арқылы;

біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша;

пропорционалды өкілдік жүйесімен сайланады.

Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Құрылтайдың өкілеттігі алғашқы сессия ашылған сәттен басталып, келесі шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы жұмысын бастаған кезде аяқталады.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі