Оқу жылының алғашқы қоңырауы соғысымен-ақ білім беру саласындағы қордаланған түйткілдер қайтадан күн тәртібіне шықты. «Жаңа оқу жылы – жаңа серпін» деген желеулі ұрандардың артында жылда қайталанатын инфрақұрылымдық шикіліктер мен жүйелі кемшіліктер тұр, деп хабарлайды kznews.kz.
Мәселен, ұлттық жоба аясында жүздеген білім ошағы бой көтергенімен, Ақтау қаласында жөндеу жұмыстары дер кезінде аяқталмай, оқушылардың алғашқы қоңырауды үйде отырып, онлайн форматында қарсы алуы – сөз бен істің алшақтығын көрсететін айқын мысал. Ал Алматы облысында мыңдаған баланың қолына жаңа оқулық тимей, сабақ процесінің ақсауы бармақ басты, көз қыстылықтың кесірінен туындап отыр. Елдегі үш ауысымды мектептерді жою мақсатында 2023–2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 заманауи мектеп салу жоспарланғанымен, Астана, Алматы мен Шымкент сияқты мегаполистерде сыныптардың тығыздығы әлі де шегіне жетіп тұр. Кейбір мектептерде бір сыныпта 35-40 оқушыдан отыруы – білім сапасын арттыру түгілі, бастапқы санитарлық нормаларды сақтаудың өзін мұңға айналдырды. Мұндай инфрақұрылымдық сүріністер жергілікті әкімдіктер мен Білім министрлігі арасындағы үйлесімсіздіктің, бақылаудың босаңдығын аңғартады.
Сондай-ақ мектеп қабырғасына «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» сияқты жаңа пәндерді енгізу бастамасы кадр тапшылығы мәселесіне келіп тірелді. Мемлекеттік деңгейдегі сапалы реформаларды жүзеге асыру үшін алдымен оны жүргізетін білікті мамандар даяр болуы тиіс еді. Республикалaқ білім беру жүйесінде бүгінгі таңда 3000-нан астам педагог маманның жетіспеушілігі сезіледі, оның ішінде жаңа бағыттар бойынша арнайы әдістемелік дайындықтан өткен кадрлар саусақпен санарлық. Мұнымен қоса, мектеп басқару жүйесіндегі білікті директорлар дефициті де жағдайды күрделендіре түсуде. Елдегі мектеп директорларының 20 пайызға жуығы кадрлық резервтің жоқтығынан немесе «жаңа басқару форматына» дайын болмағандықтан өз орындарын босатуға мәжбүр болған. Сапалы білім беру үшін жалаң бағдарламалар емес, ең алдымен істің көзін табатын білікті мамандар мен басқарушылар ауадай қажет екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Мұндай кадрлық тапшылықты шешу процесі Білім министрлігі мен өңірлік университеттердің бірлескен, жүйелі жұмысын талап етеді.
Бұған қоса, оқу жылының басында мектеп формасы талаптарын бұзған ата-аналарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу бастамасы қоғамда үлкен дау тудырып, отқа май құйғандай әсер етті. Негізгі назарды білім сапасын көтеруге, мектептерді техникалық жабдықтауға аударудың орнына, әкімшілік қысым көрсету арқылы шектеу қою – халықтың наразылығын тудырмай қоймайды. Баланың білім алу құқығы мен оның сырт келбетіне қойылатын талаптар арасындағы алшақтық таяқтың екі ұшы бар екенін көрсетеді. Отбасылардың әлеуметтік жағдайы мен бағаның қымбаттауын ескермей, бірден айыппұл арқалату мәселені түбінен шешпейді, керісінше, мектеп пен ата-ана арасындағы сенімді азайтады. Жергілікті білім бөлімдері мен құқық қорғау органдары бұл бағытта жазалаушы емес, түсіндіру мен әлеуметтік қолдау көрсету форматына көшуі тиіс.
Аталған үш түйткілді шешу – тек қағаз жүзіндегі есептермен шектелмей, нақты жауапкершілікті талап етеді. Инфрақұрылымдық олқылықтарды реттеу Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдерінің қатаң бақылауында болып, мердігерлердің жұмысы ашық жүргізілуі тиіс. Бұл мәселелер алдағы 1-2 жылда құрылыс қарқыны сақталғанда ғана ретке келеді. Кадрлық ашаршылықты жою үшін педагогикалық жоғары оқу орындарының бағдарламаларын қайта қарап, жас мамандарға берілетін әлеуметтік пакеттерді ұлғайту қажет, бұл өз кезегінде білім саласына білікті кадрлардың келуін жеделдетеді. Ал мектеп формасы мен ішкі тәртіпке қатысты әкімшілік шектеулерді қайта қарап, мәселені күштеу арқылы емес, мектеп пен қоғамның өзара диалогы арқылы реттеген жөн. Білім беру саласындағы жүйелі реформалар бармақ бастылықтан арылып, әрбір тиын мен әрбір шешім оқушының игілігіне жұмсалғанда ғана өз нәтижесін береді.