KZNews.kz
Қаржы

"Қазір ипотека алу керек пе": Ұлттық банк басшысы кеңес берді

Жарқын Омаров
Фото istockphoto.com

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ипотеканың қазіргі шарттарына пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, жоғары пайыздық мөлшерлеме кезеңінде ипотека алуға асықпаған жөн.

"Бұған дейін де бірнеше рет айтқанмын. Өз тәжірибеме сүйенсек, несие мөлшерлемесі жоғары болғанда ипотека алу өте қиынға соғады, себебі артық төлем айтарлықтай көбейеді. Мысалы, нарықтағы мөлшерлеме 10–12 пайыз деңгейінде болса, ипотеканың салмағы аса сезілмейді. Ал 20–22 пайыз шамасында жағдай мүлдем басқаша", - деді ол елордадағы брифингте.

Сүлейменовтың пікірінше, пайыздық мөлшерлеме жоғары болған кезде азаматтар ипотекаға байланысты шешімді жақсылап ой елегінен өткізуі қажет.

"Әркім өз жағдайына қарай шешім қабылдайды. Бірақ қазіргі шарттарды ескере отырып, мен ипотека алуды кейінге шегерер едім", - деді Ұлттық банк басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде қалдырғаны хабарланған еді.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары