Бота Мия есімімен танымал блогер Бота Нұрақын халықаралық даудың ортасында қалды. Оңтүстік кореялық видеограф Wei оны өз контентін рұқсатсыз пайдаланды деп айыптады, деп хабарлайды kznews.kz.
Видеографтың айтуынша, ол бейнематериалды жасанды интеллект көмегінсіз түсіріп, монтаждауға шамамен 60 сағат жұмсаған. Алайда блогер оның видеосын AI арқылы өңдеп, жарнамалық роликте пайдаланған. Wei сондай-ақ өз дауысының да өзгертіліп қолданылғанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, мәселе автор ретінде көрсетілмеуінде емес, коммерциялық мақсатта өз еңбегінің рұқсатсыз пайдаланылуында.
Даудан кейін Бота Мия тарапынан ресми кешірім жасалмаған. Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінше, блогер видеографтың дауысын келемеждеген болуы мүмкін.
Желіде бұл жағдай қызу талқылануда. Бірі авторлық құқықтың сақталуын талап етсе, енді бірі инфлюенсердің әрекетін этикаға қайшы деп бағалаған. Кей қолданушылар мұндай дау Бота Мияның қатысуымен алғаш рет туындап отырмағанын да атап өтті.