25 тамызда Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында өрт шықты. Төтенше жағдай механикалық тазарту құрылыстарының тұндырғыштарының бірінде тіркелген, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, сағат 12:35 шамасында нысан ішіндегі мұнай шламы тұтанған. Оқиға кезінде аталған жерде ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ.
Қазір зауыт аумағындағы өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Зауыттың жұмысы штаттық режимде жалғасып жатқаны хабарланды.
Осы күні Қазақстандағы тағы бір мұнай өңдеу кәсіпорнында техникалық ақауға байланысты жағдай тіркелді. Бұл жолы оқиға Шымкент мұнай өңдеу зауытында болған.
«ҚазМұнайГаз» мәліметінше, кәсіпорында электр энергиясының кернеуі төмендеген. Компания бұл жағдай KEGOC тарапынан болған электр желісіндегі кернеу ауытқуымен байланысты екенін мәлімдеді.
Кәсіпорынның электрмен жабдықталуы кейін қайта қалпына келтірілген. Алайда осыған байланысты зауыттағы технологиялық қондырғылардың бірін қайта іске қосуға тура келген.
Компания өкілдерінің айтуынша, электр энергиясындағы ақау мұнай өнімдерін тәуліктік өндіру көлеміне әсер етпейді. Өнімдерді жөнелту жұмыстары да штаттық тәртіпте жүргізіліп жатыр.
Осылайша, 25 тамызда еліміздегі екі ірі мұнай өңдеу зауытында әртүрлі сипаттағы оқиға тіркелді.