Бұл туралы Құрылтайдағы үкімет сағатында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков айтты.
Өскеменде жасөспірім қызын туған күнімен құттықтап, ернінен сүйген әкенің әрекетіне қатысты тексеру аяқталды. Ішкі істер министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, бұл оқиғадан қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталмаған, деп хабарлайды kznews.kz.
«Дерек тіркелді. Жан-жақты әрі мұқият тексеру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, аталған деректі номенклатуралық іске есептен шығару туралы шешім қабылданды», – деді Асхат Дүйсембеков.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде ер адамның туған күнінде қызына торт ұсынып, оны ернінен сүйген сәті түсірілген видео тараған еді. Кадрлар Threads желісінде қызу талқыланып, қолданушылар арасында түрлі пікір туғызды.
Кейін видео авторы Өскемен полициясының қызметкерлері өзімен байланысып, жазбаны өшіруді сұрағанын мәлімдеген. Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті аталған деректің тіркелгенін растаған болатын. Тексеру жұмыстарына білім басқармасы мен жергілікті атқарушы орган өкілдері де тартылған.