Геологиялық барлауды күшейту, жаңа технологияларды енгізу, шикізатты терең өңдеуге басымдық беру — сирек және стратегиялық маңызы бар металдарға бай Қазақстанның алдағы міндеті осы. Себебі сирек жер металдарына деген жаһандық сұраныс жыл сайын артып келеді. Әсіресе энергетикалық алмасу дәуірінде сирек металдарсыз жоғары технологиялық өндірісті ілгерілету мүмкін емес. Сондықтан анау-мынау емес, әлемдегі негізгі өндіруші және өңдеуші ел — Қытаймен бәсекелесе алатын балама нарық қалыптастыра алуымыз керек, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда сирек металдар қорының жүзден аса кен орны шоғырланған, бірақ игеру қарқыны бәсең. Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец жер қойнауынтолық зерттейтін кез келді дейді.
«Мемлекет геологиялық жұмыстарға қомақты қаржы бөлді. Инвесторлар да геология саласына ерекше басымдық беріліп жатқанын көріп отыр. Халықаралық компаниялардың қызығушылығының артуына саладағы ашықтық пен жер қойнауын пайдалану шарттарының нақты болуы да ықпал етті», - дейді ол.
Астанада өңірлік, яғни Орталық Азияны қамтитын Сирек металдарды зерттеу орталығы құрылады. Бұл туралы шетелдік инвесторлар кеңесінде Мемлекет басшысы айтты. Аталған Орталық шикізат пен дайын өнімді Еуропа нарығына шығаруға қажет сертификат, сондай-ақ тиісті деректерді беріп отырады. Қазір елімізде еуропалық экономика үшін аса маңызды 34 металдың 21түрі кездеседі.
Иә, Қазақстан – минералды шикізат базасына бай ел. Тиісті индустриялық инфрақұрылым қалыптасты. Бұл – Орталық Азиядағы артықшылығымыз. Құзырлы министрлік елдегі 9,5 мың кен орнының жүзден астамында сирек және сирек жер металдары кездесетінін жеткізді. Ірі кен байыту және металлургиялық өндірістер, білікті мамандар және халықаралық компаниялармен байланыс тәжірибесі бар. Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің өзі сирек металды сыртқы нарықтарға жеткізуге мүмкіндік береді.
Геологиялық барлау жүргізуге лицензиялар белсенді беріліп жатыр. Әсіресе вольфрам, германий, галлий, висмут, кадмий және ниобий өндірісі қарқынды. Ал Қарағанды, Түркістан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында сирек жер элементтерінің өнеркәсіптік өндірісі қолға алынбақ. Бұл бағытқа шетелдік инвесторлар қатысады.
Премьер-министр Олжас Бектенов алдағы екі жылда бұл салаға 470 млн доллар мемлекеттік инвестиция салынатынын да мәлімдеді. Бұл – өте өзекті. Сарапшылардың айтуынша, энергетикалық ауысымның өзі сирек металдарға сұраныстың арта беретінін дәлелдейді. Енді АҚШ, Еуропа, Жапония және басқа да елдер Қытайға балама бағыттарды іздеуге кіріскен. Сол әлеуетті нарықтың қатарында Қазақстан да бар.
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, сирек металды шикізат күйінде емес, өңдеп сатқан тиімді. Қазақстан кейінгі жылдары қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға басымдық беріп келеді. Сирек металдардың өзі қымбат болғандықтан, қорытпа, аккумулятор компоненттері сияқты дайын өнімді экспорттау ел қазынасын айтарлықтай ұлғайтады.
«Литий мен никельді шикізат күйінде емес, дайын өнім ретінде сатсақ, пайда бірнеше есе артады. Бұл стратегия елге жаңа технологиялар әкеледі, жоғары білікті жұмыс орындарын ашады, экспорт құрылымын әртараптандырады және бюджет кірісін ұлғайтады», -дейді экономист Бауыржан Ысқақ.
Бұған да әлеуетіміз жетеді. Үкімет инвесторлармен ашық диалог орнатуға дайын. Арнайы экономикалық аймақтар, салықтық және кедендік жеңілдіктер, инфрақұрылым мәселесі реттелген. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай цифрлық платформасы жасақталды. Мұның бәрі инвесторларды тартуға сеп. Өйткені минералды шикізат мемлекеттер мен корпорациялар арасындағы жаһандық бәсеке элементі бола бастағаны рас. Ал капитал жаңа кен орындарына, ашық ақпаратқа және тәуекелі аз, сенімді елдерге ғана түседі. Бұл ретте Қазақстанның бәсі жоғары.
Сарапшылардың айтуынша, барлау ісін кеңейту — стратегиялық міндет. Мемлекет те, инвесторлар да бұл бағытта шет қалып жатқан жоқ. Жоғары технология дамыған заманда әртараптанған қордың маңызы артып жатыр. Қазақстанның сирек металдар қоры дәл осы жаһандық сұранысты қамтамасыз ететін деңгейде.