Публицист, журналист, шежіреші әрі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұқанбетулла Мұрабайұлы Кемер дүниеден озды. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды kznews.kz.
Мұқанбетулла Кемер 1951 жылғы 7 шілдеде Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Қаражар ауылында дүниеге келген.
Қаламгер өмірін ел тарихын зерттеуге, өткенді дәріптеуге және кейінгі ұрпаққа тағылымды мұра қалдыруға арнады. Оның қаламынан тарих, шежіре, адам тағдыры мен руханият тақырыптарына арналған көптеген мақалалар мен кітаптар жарық көрді.
2009 жылы «Бабадан бізге дейін» тарихи-шежірелік еңбегі, 2018 жылы «Айару», 2019 жылы «Естен кетпейтін Ауғандағы тарих», 2021 жылы «Ғабиттің жарқын іздері» және «Балдәурен» кітаптары басылып шықты.
Сондай-ақ ол «Мұғалжарда қолтаңбасы қалған», «Бел-белестер», «Өмір ізі», «Ескірмейтін естелік», «Еренші уақыттары» секілді еңбектерінде ел мен жер тарихын, адам өмірі мен тағылымды оқиғаларды арқау етті.
Мұқанбетулла Кемер 2004 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. «Қазақстан әйелдері» журналының штаттан тыс тілшісі ретінде еңбек етті.
2005–2008 жылдары Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық «Ақкетік арайы» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ қалың оқырман қауымға көңіл айтты.
Дереккөз: Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі.