Ақордада өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианмен кездесіп, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық әріптестіктің жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Кездесу барысында Иран тарапы қазақ тарихына қатысты бірқатар құнды қолжазбалардың көшірмесін Қазақстанға әкелді.
Мемлекет басшысы Иран мұрағаттарында Қазақ даласына қатысты көптеген маңызды жәдігерлер сақталғанын айтып, ғылыми ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, ғалымдар әл-Фарабидің мұрасын бірлесе зерттеуді қолға алып, Қазақстанда ұлы ойшылға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі пысықталуда.
— Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбалардың көшірмесін ала келді. Бұл — қос халықтың тарихи байланысының тереңдігін көрсететін игі қадам, — деді Президент Тоқаев.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Президент Тоқаев 33 жыл ішінде Қазақстан мен Иран арасында берік дипломатиялық қарым-қатынас қалыптасқанын, 50-ден астам маңызды келісімнің жасалғанын атап өтті.
— Соңғы жылдары өзара саяси диалог күшейіп, үкіметаралық комиссия белсенді жұмыс істеп келеді. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық та жоғары деңгейде, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның аймақтық және халықаралық аренадағы маңызын атап өтіп, елдің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетінің артып келе жатқанын сөз етті. Сонымен бірге Иранның Жоғары көсемі аятолла Әли Хаменейге сәлем жолдап, Тегеранда өткен кездесуді жылы сезіммен еске алды.
Президент сауда айналымының жыл сайын өсіп келе жатқанын, бірақ әлеуеттің әлдеқайда жоғары екенін айтты. Ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі, медицина және жоғары технологиялар салаларында жаңа жобаларды дамыту қажеттігіне тоқталды.
— Бүгін қол қойылатын құжаттар экономикалық ынтымақтастыққа тың серпін береді деп сенемін, — деді Тоқаев.