Қазақ жігіттері қайын жұртына иіліп құрмет көрсетуді трендке айналдырды. Желіде ұзату тойынан тараған видеолар қызу талқыға түсіп жатыр. Қалыңдығын алып кететін сәтте күйеу жігіт бұрылып, иіледі деп kznews.kz тілшісі 31-арнасының “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Кадрларда қалыңдықты алып кетіп бара жатқан жігіттер қонақтарға қарай бұрылып, құрмет пен алғыс белгісі ретінде иіліп, тағзым етеді.
Сүйіктісін алып кетуге келген алматылық Мирас Саметханов та той иелеріне қарай бұрылып иіліп құрмет көрсеткен.
“Өзімнің жақындарым, ағаларым “Неге иіліп сәлем беріп жатырсың?” деген сияқты айтты. “Ол — алғыс” деп айтамын. Енді ол кісілерді де түсінуге болады. Өзінің қызын маған табыстап беріп отырғанына неге алғыс айтпасқа? Содан кейін алғысымды айттым, рақметімді білдірдім. Иіліп құрмет көрсеттім де, алып кеттім”, – деді алматылық Мирас Сәметханов.
Мирас үшін бұл — тренд емес, тәрбие. Айтуынша, ол мұндай қадамға өз еркімен барған. Сондықтан бұл әрекеттің жаңа әулетке деген ілтипат деп түсіндірді.
Ал этнографтар бұл жердегі ең үлкен қателік "бас ию" мен "сәлем салуды" шатастыру дейді. Мамандардың сөзінше, бұл – дәстүр емес, адамның ішкі мәдениеті мен тәрбиесінен туған әрекет. Яғни келіннің сәлем салуымен салыстыру орынсыз. Бірақ бұл ешкімге міндет болмауы керек дейді.
“Біз әйелден жігіттің ата-анасына ізетті болуын, құрмет көрсетуін талап етсек, неге ер адамға да өзінің тектілігін көрсетпеске? Мен солай ойлаймын. Сондықтан мұны дәстүр деп емес, ер адамның қайын жұртына деген құрметі ретінде қабылдайық”, – деді этнограф Қалжан Рақымжанов.
Күйеу жігіттердің бұл әрекеті желі қолданушыларының таңданысын тудырды. Көпшілігі ұзату кезінде жігіттер тарапынан мұндай қадамды алғаш рет көріп отырғандарын атап өткен.