Талдықорған қаласының жас дизайнері Дәрия Қуатжан биылғы «Қазақ аруы – 2025» ұлттық сұлулық байқауында үздік шығып, бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ұлттық нақыштағы заманауи киімдер мен қолөнер бұйымдарын әзірлеумен айналысатын Дәрия көрермендердің онлайн дауыс беру кезеңінде айқын басымдық танытқан. Ол 22 771 дауыс жинап, қатысушылардан үлкен айырмашылықпен алға шықты.
Байқау ұйымдастырушысы BM Production жеңімпазға Парижге екі адамға арналған жолдаманы сыйға тартты.
Жеңісінен кейін Дәрия Қуатжан көпшіліктің қолдауына алғыс айтып, өзіне артылған сенімді абыроймен ақтайтынын айтты:
«Маған дауыс берген барлық жанға шексіз рақмет. Бұл – сіздердің маған кигізген тәждеріңіз. Сол тәжге лайық еңбек етіп, ұлттық мәдениетімізді насихаттауды жалғастырамын. Байқауға қатысқан әр қыз жеңімпаз атағына лайық. Жаса, қазақтың қайсар қыздары!»
Байқау барысында дизайнер арнайы әзірлеген «Көшпенді дала ұрпақтары» деп аталатын балаларға арналған этно-коллекциясын ұсынды. Қазақтың дәстүрлі өрнектері мен тарихи стиль элементтерін заманауи формада үйлестірген бұл топтама көрермендер мен қазылар алқасынан жоғары баға алған.
Ұйымдастырушылар биылғы байқаудың ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталғанын атап өтіп, Дәрияның шығармашылығын қазақ сән әлемінің жаңа серпіні деп бағалады.