Алдын ала мәліметке сәйкес, апат жүргізушінің ұйықтап кетуі салдарынан орын алған. Жеңіл автокөлік қарсы бағытқа шығып кетіп, КамАЗ жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Қатты соққыдан кейін қос көлік те өртеніп кеткен.
Облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратқа сай, ВАЗ-2110 көлігінде болған үш адам – көлік жүргізушісі, оның 27 жастағы жұбайы және екі жасар ұлы – оқиға орнында мерт болған. Ал КамАЗ жүк көлігінің жүргізушісі аман қалған.
"Жол апаты салдарынан екі автокөлік толығымен жанып кетті. ВАЗ көлігінде болған үш жолаушы – жүргізуші, 27 жастағы келіншек және олардың екі жасар баласы – оқиға орнында көз жұмды", – деді Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Эльмира Испандиярова.
Қайғылы оқиғаға байланысты тергеу амалдары басталды. Мамандар апаттың нақты себебін анықтауға кірісті.