Қант диабетінің алғашқы белгілері көп жағдайда байқалмайды. Әсіресе екінші типті диабет біртіндеп дамитындықтан, адамдар оның белгілерін шаршаумен немесе күйзеліспен байланыстырады. Ауруды уақытында анықтамау қандай асқынуларға әкелуі мүмкін және оның алдын алу үшін не істеу керек?
Бұл туралы Kazinform тілшісіне медицина ғылымдарының кандидаты, эндокринолог Гүлнәр Темірғалиева айтып берді.
Қант диабетінің алғашқы белгілері неге байқалмайды
Эндокринолог Гүлнәр Темірғалиеваның айтуынша, адамдар көбіне қант диабетінің алғашқы белгілеріне мән бермейді. Әсіресе екінші типті диабет кезінде қандағы қант мөлшері біртіндеп жоғарылап, ағза бұл өзгеріске бейімделе бастайды. Сондықтан аурудың бастапқы кезеңінде адамның денсаулығы күрт нашарламауы мүмкін.
– Адамдар жеңіл шаршауды, ұйқышылдықты, ашушаңдықты немесе ауыздың құрғауын күйзеліспен, ұйқының қанбауымен, жас ұлғаюымен немесе дәрумендердің жетіспеуімен байланыстырады. Терінің аздап қышуы, ұсақ жаралардың баяу жазылуы, салмақтың өзгеруі де көп жағдайда елеусіз қалады. Өйткені қант диабетінің бастапқы кезеңінде адам ауырсынуды сезінбейді, – дейді дәрігер.
Маманның сөзінше, осы себепті науқастардың бір бөлігі дәрігерге ауру асқынғанда ғана қаралады. Кейбірі қатты шөлдеп, жиі зәр шығара бастағанда немесе денсаулығында елеулі өзгеріс болғанда ғана тексеріледі.
Қазақстанда қант диабетінің кеш анықталуына профилактикалық тексеруден уақытылы өтпеу де әсер етеді. Гүлнәр Темірғалиеваның айтуынша, көптеген адам денсаулығына қатысты шағымдары күнделікті өміріне кедергі келтірмейінше дәрігерге бармайды. Ал шалғай ауылдарда эндокринологтар мен арнайы зертханалардың қолжетімділігі ірі қалаларға қарағанда төмен болуы ауруды анықтауды қиындатады.
Қант диабеті неге жастар арасында көбейіп барады
Дәрігердің айтуынша, соңғы жылдары қант диабетінің, әсіресе екінші типінің жастар арасында жиі кездесуіне өмір салты мен тамақтану әдетінің өзгеруі әсер етіп отыр.
– Балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ пен семіздіктің көбеюі жасушалардың инсулинге сезімталдығын төмендетеді. Жастардың тамақтануында тез сіңетін көмірсулар, фастфуд, қант мөлшері жоғары сусындар, тәттілер мен жартылай дайын өнімдер көбейді. Сонымен қатар қимыл-қозғалыстың азаюы да зат алмасуға әсер етеді, – дейді Гүлнәр Темірғалиева.
Маман жастардың компьютер мен телефон алдында ұзақ уақыт өткізуі, спортпен аз айналысуы және таза ауада сирек серуендеуі де қауіп факторларының бірі екенін атап өтті.
Бұған қоса, тұрақты күйзеліс, ұйқының қанбауы және ағзадағы кортизол гормонының жоғарылауы көмірсу алмасуын бұзуы мүмкін.
Дәрігер қант диабетінің көбеюі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін экономикалық салмақ түсіретінін де айтты. Өйткені ауруды бақылауға және оның асқынуларын емдеуге жұмсалатын шығын артады.
Қант диабеті тұқым қуалай ма
Гүлнәр Темірғалиеваның айтуынша, қант диабетінің пайда болуында тұқым қуалаушылықтың да маңызы бар. Бірақ оның әсері аурудың түріне қарай ерекшеленеді.
– Екінші типті қант диабетіне генетикалық бейімділік жоғары. Егер ата-анасының біреуі осы аурумен ауырса, баласында екінші типті диабеттің даму қаупі шамамен 1,7 есе жоғары болады. Ал ата-анасының екеуінде де қант диабеті болса, бұл қауіп едәуір артады, – деп түсіндірді эндокринолог.
Қант диабеті қандай асқынуларға әкелуі мүмкін
Дәрігердің түсіндіруінше, қант диабеті уақытында емделмесе немесе науқас тиісті ем қабылдамаса, өмірге қауіп төндіретін ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Олардың кейбірі бірнеше сағат немесе күн ішінде дамыса, енді бірі жылдар бойы біртіндеп пайда болады.
Жедел асқынулардың бірі – диабеттік кетоацидоз. Ол инсулиннің жетіспеуі салдарынан қанда кетон денелерінің жиналуынан дамиды. Мұндай жағдай көбіне бірінші типті қант диабетінде кездеседі.
– Диабеттік кетоацидоз кезінде адамның аузы құрғап, жүрегі айниды, құсады, іші ауырады және аузынан ацетон иісі шығуы мүмкін. Ауыр жағдайда науқас комаға түсуі ықтимал. Ал гипогликемия кезінде қандағы қант мөлшері қауіпсіз деңгейден төмендеп, адам қалтырайды, суық тер басады, санасы шатасады. Оның да ауыр түрі комаға әкелуі мүмкін, – дейді маман.
Ал ұзақ мерзімді асқынулар қандағы қант мөлшерінің тұрақты жоғары болуынан қан тамырлары мен жүйке талшықтарының зақымдануына байланысты дамиды.
Гүлнәр Темірғалиеваның айтуынша, диабеттік ретинопатия көздің тор қабығындағы қан тамырларын зақымдап, көру қабілетінің біртіндеп төмендеуіне әкеледі. Бұл – соқырлықтың негізгі себептерінің бірі.
Диабеттік нефропатия кезінде бүйректің сүзу қызметі бұзылады. Ауру асқынған жағдайда созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі дамып, науқасқа гемодиализ қажет болуы мүмкін.
Қант диабеті жүйке талшықтарын да зақымдайды. Соның салдарынан аяқ-қол ұйып, шаншып немесе сезімталдығын жоғалтуы мүмкін.
– Диабеттік табан синдромы жүйке талшықтарының зақымдануы мен қан айналымының бұзылуы салдарынан дамиды. Мұндай жағдайда аяқтағы кішкентай жаралардың өзі жазылмай, инфекция түсіп, ойық жараға, гангренаға, тіпті ампутацияға әкелуі мүмкін, – деп түсіндірді дәрігер.
Маман қант диабеті жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін де арттыратынын атап өтті. Атап айтқанда, атеросклероз, жүректің ишемиялық ауруы, инфаркт пен инсульттің даму қаупі қант диабеті жоқ адамдармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары болуы мүмкін.
Қант диабетінің асқыну қаупін қалай азайтуға болады
Эндокринологтың айтуынша, екінші типті қант диабеті кезінде ремиссияға қол жеткізуге болады. Бұл аурудың толық жазылғанын білдірмейді. Дегенмен дұрыс тағайындалған ем мен дәрігердің ұсынымдарын сақтау арқылы ремиссияға қол жеткізуге болады.
– Артық салмағы немесе семіздігі бар адамдар үшін негізгі шарттардың бірі – дене салмағын азайту. Бастапқы салмаққа байланысты оны 5–15 пайызға немесе одан да көп төмендету қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар маманның бақылауымен күнделікті тағамның құнарлылығын азайтып, тез сіңетін көмірсулар мен қаныққан майларды шектеу маңызды, – дейді Гүлнәр Темірғалиева.
Дәрігер тағам құрамында жасұнық пен ақуызға бай өнімдерге басымдық беруге кеңес береді.
Оның айтуынша, дене белсенділігі де маңызды. Жүйелі түрде аэробты және күш жаттығуларын орындау тіндердің инсулинге сезімталдығын арттырып, дене салмағын қалыпты деңгейде ұстауға көмектеседі.
Маман екінші типті қант диабеті кезінде ремиссияға қол жеткізу үшін дәрігер тағайындаған заманауи дәрілік емді қабылдау және медициналық ұсынымдарды сақтау қажет екенін атап өтті.