Балалар арбасымен автобусқа мінуге болмай ма? Министр ережені қайта қарамақ
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Алматыда көмірмен үй жылытуға тыйым салынады: Шектеу қай аудандағы үйлерге қатысты

Алматыда көмірмен үй жылытуға тыйым салынады: Шектеу қай аудандағы үйлерге қатысты
Фото: ашық дереккөз

2027 жылдан бастап Алматының кейбір аудандарындағы жеке үйлерді көмірмен, отынмен және маймен жылытуға тыйым салынады.

Мұндай талап 2025 жылы қабылданған Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларында көрсетілген. Алайда қаладағы жеке сектордың барлығы бірдей газға қосылмаған. Экология басқармасы Алматыда қанша үй жаңа талапқа сай келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz

Тыйым қай аудандағы үйлерге қатысты?

Көмір, отын, дизель отыны мен майды пайдалануға қойылатын талаптар Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының 52-тармағында жазылған.

Құжатқа сәйкес, шығарындылар деңгейі төмен аймаққа кіретін, газдандырылған аудандарда өндірістік қажеттіліктер үшін қатты және сұйық отын пайдалануға болмайды. Бұл шектеу жеке тұрғын үйлердің жылыту қазандықтарына, моншаларға және көпқабатты үйлерді жылытатын жекелеген қазандықтарға да қатысты. Тек төтенше жағдайларда жылу және энергиямен қамтамасыз етудің резервтік көздерін пайдалануға рұқсат етіледі.

Қағида 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шығарындылар деңгейі төмен аймақта күшіне енеді.

Әзірге пилоттық LEZ аймағы мына көшелердің арасындағы аумақты қамтиды:

Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке қарай;

Абай даңғылынан солтүстікке қарай;

Желтоқсан көшесінен шығысқа қарай;

Достық даңғылынан батысқа қарай.

Айта кетейік, алдағы уақытта бұл аумақты одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.

Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының 2026 жылдың тоғыз айындағы есебінде 2027 жылдан бастап төмен шығарындылар аймағын толық іске қосу жоспарланғаны айтылған. Бұл ретте міндетті экологиялық тексеруден өтпеген автокөліктерге нақты шектеулер мен айыппұлдар енгізіліп, стационарлық шығарындылар көздеріне бақылау күшейтіледі.

Алматыда газға қосылмаған қанша үй бар?

Қалалық Экология басқармасының мәліметінше, Алматыдағы жеке тұрғын үйлердің 99,6 пайызы газбен қамтылған.

"Аудан әкімдері аппараттарының мәліметінше, газға қосылмаған 3 889 тұрғын үй анықталды", – делінген басқарманың есебінде.

Алайда газға қосылмаған үйлердің нақты қай аудандарда орналасқаны туралы ақпарат көрсетілмеген.

Жеке секторды экологиялық таза отынға көшіру жұмысын жеделдету үшін қала билігі демеушілерді де тартқан. Қайырымдылық қорларының бірі газға қосылмаған тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу үшін 460 миллион теңге бөледі.

Көмір жағып үйді немесе моншаны жылытқандарға қандай айыппұл арқалайды?

Жеке үйдің иесі белгіленген талаптарды бұзса, Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 324-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.

2027 жылы айыппұл мөлшері мынадай болады:

Жеке тұлғаларға – ескерту немесе 10 АЕК (46 930 теңге);

Шағын бизнес субъектілері мен лауазымды тұлғаларға – 15 АЕК (70 395 теңге);

Орта бизнес субъектілеріне – 20 АЕК (93 860 теңге);

Ірі бизнес субъектілеріне – 100 АЕК (469 300 теңге).

Автор
Айгерім Асылова

Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.