KZNews.kz
Жолдау

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Жолдауы: заң, экономика және қоғамдағы сенім

Ayzhan Sylanova
Фото: ашықдереккөз

Бұл құжат ел дамуының жаңа кезеңін белгілеп, қоғамның барлық саласын қамтыды. Президенттің бастамалары саяси ортада да, сарапшылар арасында да кеңінен талқыланып, түрлі пікірлерге арқау болды.

Президент Жолдауында еліміздің басты мақсаты – экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол үшін ақша-несие және салық-бюджет саясатының теңгерімді жүргізілуі қажет екендігін баса айтты.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Асем Әбён осыған қатысты:

«Экономикалық тұрақтылықтың негізгі шарты – қаржылық саясаттың үйлесімділігі. Президенттің бұл мәселеге арнайы тоқталуы – уақыт талабынан туған қажеттілік. Бұл қадам инвестициялық климатты жақсартып, құрылымдық реформаларға серпін береді», – дейді.

Ал қаржы аналитигі Андрей Чеботарев өз пікірінше:

«Қазіргі жағдайда тек қана фискалдық құралдар арқылы экономикалық өсімге жету мүмкін емес. Үкімет пен Ұлттық банк саясатын үйлестіру – ел экономикасының тұрақты дамуы үшін шешуші фактор», – деп атап өтті.

Жолдауда энергетика саласына ерекше назар аударылды. Президент АЭС салу мәселесін референдумға шығару арқылы шешуді ұсынды. Бұл бастама қоғамда қызу пікірталас тудырды.

Еуразиялық интеграция институтының директоры Азамат Байғалиевтің айтуынша:

«АЭС құрылысына қатысты шешімді бүкіл халықтың пікірін ескере отырып қабылдау – биліктің ашықтығының және халықпен диалог орнатуға деген ұмтылысының айқын дәлелі. Бұл Қазақстанның стратегиялық шешімдерді демократиялық жолмен қабылдай алатынын көрсетті».

Сонымен бірге, сарапшылар инфрақұрылымдық жобаларды дамытудың ел экономикасына қосар үлесіне тоқталды. Байғалиевтің пікірінше, «көлік-логистика және энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобалар Қазақстанды аймақтағы транзиттік орталыққа айналдырады».

Әлеуметтік қолдау мәселесі де Жолдаудағы басым бағыттардың бірі болды. Президент нақты мұқтаж жандарды қолдауға бағытталған ашық әрі тиімді жүйе қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Саясаттанушы Ерлан Саиров осыны ерекше атап өтіп:

«Әлеуметтік саясаттың әділ жүргізілуі – қоғамдағы тұрақтылықтың басты кепілі. Президенттің мұқтаж топтарға нақты көмекті бағыттау жөніндегі тапсырмасы халықтың билікке сенімін арттырады», – деді.

Сонымен бірге, 2025 жылдың «Еңбек мамандықтар жылы» деп жариялануы жастарды кәсіптік білімге тарту арқылы елдің еңбек нарығын нығайтатыны айтылды.

Жолдауда саяси жаңғыру тақырыбы да назардан тыс қалмады. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесін жалғастыру және мемлекеттік басқаруды жетілдіру – демократиялық өзгерістердің нақты көрінісі.

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше:

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту – Қазақстандағы саяси жүйені демократияландырудың маңызды қадамы. Президенттің ауыл әкімдерін сайлау институтын нығайтуға назар аударуы қоғамдағы саяси мәдениетті арттыра түседі».

Ал политолог Данияр Әшімбаев "Президенттің сөзінде “өткенге үңіліп сын айтуды емес”, керісінше — одан сабақ алып, болашаққа сеніммен қарауды” насихаттау маңызды мәселелердің бірі ретінде атап өтті. Сарапшы бұл үндеуді “қоғамды өткенге байлаудан арылтуға, жаңғыруға ынталандыратын философиялық серпіліс” ретінде бағалады.

Заң және басқару салаларының сарапшысы Шолпан Саймова:

"Жолдаудың негізгі месседжі — әлеуметтік әділдік пен заң үстемдігін нығайту. Экономикалық реформалар, салық жүйесі мен банктер реформасы — бұл ретте жедел әрі сапалы жүргізілуі тиіс мақсаттар" дей отыра, ол цифрландыру мен инновациялар болашақ өркеннің негізі екенін де атап өтті.

Жалпы алғанда, сарапшылар мен саясаттанушылардың ортақ бағасы – 2024 жылғы Жолдау ел дамуының жаңа кезеңін ашты. Экономикалық өсім мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық серпіліс, әлеуметтік әділеттілік пен саяси жаңғыру – қоғамды ортақ мақсаттарға жұмылдыратын негізгі факторлар.

Президент Тоқаевтың бастамалары «Әділетті Қазақстан» құруға бағытталған жүйелі реформалардың жалғасы болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, басты ерекшелік – халықтың пікірін ескеріп, маңызды шешімдерді ашық әрі демократиялық жолмен қабылдауға деген ұмтылыс. Бұл тәсіл қоғамдағы сенімді күшейтіп, болашаққа деген оптимизмді арттырады.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары