Анталияда өткен дипломатиялық форумда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдік ахуал мен жаһандық көшбасшылардың жауапкершілігі туралы өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы бүгінгі таңда халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау мәселесі әрбір ел басшысының басты міндетіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кезеңде стратегиялық ұстамдылық ерекше маңызға ие.
– Жаһандық көшбасшылар ең алдымен халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікке жауапкершілікпен қарауы қажет. Бүгінгі жағдайда сабыр мен байыптылық таныту – аса маңызды. Әлемдегі шиеленістерді шешу соншалықты қиын емес, ол үшін тек жауапкершілік пен ұстамдылық керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалға да тоқталып, қазіргі қақтығыстарға қатысты пікір білдірді. Ол халықаралық қауымдастықты жағдайды байыппен бағалауға шақырды. Президенттің айтуынша, Иран төңірегіндегі жағдай күрделі әрі көпқырлы. Қазақстан бұл ретте Шығанақ елдеріне қолдау білдіріп, тараптарды әскери іс-қимылдарды тоқтатуға және стратегиялық сабыр сақтауға үндеген.
– Бұл қақтығыстың салдары ауыр болды, ең алдымен экономика зардап шекті. Ормуз бұғазындағы еркін кеме қатынасына қатысты мәселелер көтеріліп жатыр. Алайда бұл дәліз бұған дейін халықаралық сауда үшін ашық болғанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан мәселенің түп-төркінін тереңірек қарастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ қақтығыстың негізгі себебі ядролық технология мен қарудың таралуына байланысты екенін атап өтті. Оның пікірінше, келіссөздер барысында дәл осы мәселе басты назарда болуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік сауда-саттық жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі қиындықтарға қарамастан, жаһандық сауда көлемі өсіп келеді. Мәселен, өткен жылы өсім 2,5 пайызды құраған.
– Жалпы алғанда, әлемдік сауданың жағдайы жаман емес. Дегенмен оның сапасы мен мазмұнына қатысты мәселелер әлі де өзекті болып отыр, – деді Президент.