Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Бижамал Кемалова ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін дүниеден өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Бижамал Далабайқызы Сәкен театрына 1980 жылдардың басында келіп, ұзақ жыл бойы көрерменге қалтқысыз қызмет етті. Ол кәсіби шеберлігімен, өзіндік актерлік қолтаңбасымен және сахна өнеріне деген адалдығымен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Өнер иесі Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін қалауға атсалысқан ардагерлердің бірі болды.
Қазақ театрына өшпес із қалдырды
Бижамал Кемалова театр сахнасында қазақ арулары мен қыз-келіншектерінің, аналар мен әжелердің сан алуан бейнесін шебер сомдады. Әр кейіпкерінің мінезін терең ашып, көрермен жүрегінен орын алды.
Әріптестері оны театрдың мақтанышы, кейінгі буын актерлеріне бағыт-бағдар берген ақылшы ұстаз ретінде еске алды.
Актриса мәдениет саласындағы көпжылдық еңбегі үшін "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталып, Қазақстанның Мәдениет қайраткері атанған.
Бижамал Кемалова сомдаған рөлдер
Өнер майталманы театр сахнасында көптеген жарқын образды көрерменге ұсынды. Олардың қатарында:
"Досымның үйленуі" спектакліндегі Биғаным, "Қарагөздегі" Мөржан, "Ғашықтың тіліндегі" Сүйімқан, "Қайран жас дәурендегі" Воронкова, "Аққу сезімдегі" Ақдидар, "Мусье Жордандағы" Шахрабану, "Тәнге түскен раушангүлдегі" Мисс Йорк рөлдері бар.
Оның сахнада сомдаған сан қырлы бейнелері қазақ театр өнерінің тарихында мәңгі сақталмақ.
Сәкен театрының ұжымы марқұмның туған-туыстары мен отбасына, жақындары мен шәкірттеріне қайғыра көңіл айтты.