Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жиені Айман Байсалова 91 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұмның жаназасы бүгін, 11 маусым күні Алматы қаласындағы Дінмұхаммед Қонаев атындағы мешітте шығарылады.
Айман Қабиденқызы 1936 жылы 14 наурызда дүниеге келген. Ол – Ахмет Байтұрсынұлы мен Бадрисафаның бауырына салған Шолпанның қызы. Айман Байсалова сәби кезінде қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде нағашы атасы Ахметпен, әжесі Бадрисафамен және ата-анасымен бірге тұрған.
Ол арнайы кәсіптік училищені тігінші мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін медицина саласында зертханалық курстан өтіп, 37 жыл бойы зертханашы болып еңбек еткен. 1993 жылы зейнетке шыққан.
Айман Қабиденқызы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттауға арналған республикалық, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі іс-шараларға құрметті қонақ ретінде қатысып келген.
Марқұм "Еңбек ардагері" медалімен және "Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы" мерекелік медалімен марапатталған.