Қарағанды қаласындағы кафелердің бірінде газ баллоны жарылып, төрт адамға күйік келген, деп хабарлайды Kznews.kz.
Halyqstan паблигінде жарияланған видеодан оқиғаның қалай болғанын көруге болады. Қарағанды облысы ТЖД өкілдерінің хабарлауынша, 22 қаңтарда Қазыбек би ауданындағы Ермеков көшесінде орналасқан киоск түріндегі жедел тамақтану кафесінде 17 литрлік газ-ауа қоспасы бар баллон жарылған. Одан кейін ішкі және сыртқы қаптама, жиһаз, тұрмыстық техника мен қолданылған киімдер өртенген. ТЖД қызметкерлері 27 литрлік екі газ баллонын сыртқа шығарған. Күйік алған төрт адам ауруханаға жеткізілген.
Оқиға супермаркет жанындағы дөнер мен бургер әзірлейтін дүңгіршекте болған. Сол кезде дәмхана иесі, екі курьер және бір қонақ болған. Үшеуі жансақтау бөліміне жеткізілген, жағдайлары бірқалыпты ауыр деп бағалануда.