Экономика

Қандай қолжетімді көлік автонарықтың көш басында тұр?

Қандай қолжетімді көлік автонарықтың көш басында тұр?
Фото: kznews.kz

Жалпы, қоғамда тұрғындардың төлем қабілеті төмендеп кетті деген пікір бар. Соған қарамастан жаңа көлік сатып алушылардың қатары кеміген жоқ. Мысалы, статистика дерегі елімізде өткен тоғыз ай аралығында 109 223 бірлік автокөлік құрастырылғанын айтады. Бұл көліктердің сатуға шығарылғандағы жалпы құны 1,5 трлн теңгені құраған. Ал өндірістің нарықтағы сұранысқа орай әрекет ететіні белгілі. Және көлік құрастыру бұрнағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға өскен. Әрине, бұл сұраныс цифрына ішкі нарықтан бөлек экспорт та кіреді.

"Қазақстанның автокөлік одағы" ұйымының дерегінше, өткен қыркүйек айында ғана отандық автоөндіріс 11 642 бірлік жеңіл көлік, 748 жүк машинасын, 293 автобус, 290 тіркеме техникасын және 48 бірлік арнайы техника жасап, қолданысқа берген.

Ал сатылымға шыққан көлік маркаларының ішінен Hyundai көш бастаған. Өткен тоғыз айда 38 968 бірлік автокөлік сатылған. Екінші орында 21 566 бірлік сатылымымен Chevrolet маркасы тұр. Одан кейінгі кезек Kia көлігінде, алушылар 19 060 бірлік машина мінген. Сондай-ақ, Jetour (10 180 бірлік) және Jac (8 483 бірлік) маркалары да басымдыққа ие. Айтпақшы, сатылған модельдер арасындағы лидер ретінде Chevrolet Cobalt автокөлігі анықталыпты. Өткен тоғыз айда қазақстандықтар 17 706 Cobalt мінген.

«Еліміздің автоөнеркәсібі тағы рекорд жаңартты. Жаңа құзырет қалыптаса бастады, отандық компаниялар даму үшін инвестиция құйып, өндірістік қуатын арттырып, жұмыс орындарын құрып жатыр. Бұл бір реттік жеңіс емес, елдің өнеркәсіп базасын бекемдеп, экономикасын тұрақты ететін тізбекті жұмыстардың нәтижесі. Соның арқасында тұрғындар автомобилін жаңартып, елде жасалған заманға сай модель таңдау мүмкіндігіне ие болды» - дейді "Қазақстанның автокөлік одағы" ұйымының президенті Анар Мақашева.

Қалмаханбет Мұқаметқали.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz