Діни басқарма өкілдері араб тілінің Құран оқу мен құлшылық жасаудағы орны ерекше екенін жоққа шығармайды. Алайда күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілінде қалыптасқан сөздерді қолданған жөн деп санайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті қолданыстағы кейбір араб сөздерінің орнына қазақ тіліндегі төл атауларды пайдалануға шақырды. Муфтият өкілдері діни рәсімдерге қатысты терминдерді орнымен қолданып, ана тілінің тазалығын сақтаудың маңызын атап өтті., деп хабарлайды kznews.kz.
Діни басқарма өкілдері араб тілінің Құран оқу мен құлшылық жасаудағы орны ерекше екенін жоққа шығармайды. Алайда күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілінде қалыптасқан сөздерді қолданған жөн деп санайды.
Мәселен, «ифтар» сөзінің орнына «ауызашар», ал «сухур» атауының орнына «сәресі» сөзін пайдалануға кеңес берілді. Сондай-ақ бес уақыт намаздың атауларын арабша емес, қазақ тіліндегі қалыптасқан нұсқасымен атау ұсынылды. Олар: «таң», «бесін», «екінті», «ақшам» және «құптан».
Бұдан бөлек, адамдарға қарата айтылатын «ахи», «ухти», «брат» секілді сөздердің орнына «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «қарындасым» деген төл сөздерді қолдану қажеттігі айтылды.
Бұл үндеу Мемлекет басшысының қазақ тілінің тазалығын сақтау және оның қолданыс аясын кеңейту жөніндегі пікірінен кейін жарияланды. Муфтият өкілдері тілге құрмет күнделікті сөйлеу мәнерінен де көрінуі тиіс екенін еске салды.