Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі қарала бастады, деп хабарлайды kznews.kz.
Сотта айыпталушы жасаған қылмысын мойындап, кез келген жазаға, соның ішінде өлім жазасы мен өмір бойы бас бостандығынан айыруға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмысқа отбасына қатысты жанжалдар мен қысым себеп болған.
Сәрсемәлиев әйелі Ақбаян Мұқанғалиевамен 10 жыл бірге тұрғанын, бес баласы барын айтты. Ол әйелінің туыстары отбасына араласып, ажырасуға итермелегенін, балаларымен қорқытып, намысына тиетін сөздер айтқанын жеткізді.
Айыпталушының сөзінше, отбасын сақтап қалуға тырысқанымен, соңында психологиялық қысым мен жанжалдар оны ауыр қылмысқа итермелеген.
Істі аса ауыр қылмыстарды қарайтын судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр.