KZNews.kz
Қоғам

Путинді мақтаған спикер, сауатсыз сұрақтар: Алматыдағы BeWoman форумын өткізген олигархтың әйелі даудың астында қалды

Torgyn Abushakhman

Алматыда өткен BeWoman форумын ұйымдастырушылар мен онда сөз сөйлеген спикерлерге қатысты желі қолданушылары сын пікірлерін жазуда. Тіпті қазақстандықтардың кейбірі форумды ұйымдастырушы олигархтың әйелі Жанна Каннадан “бас тартуды” ұсынып жатыр. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желі қолданушыларының шымбайына тиген дүниенің бастысы – форумда ресейлік коуч Алексей Ситниковтың сахнада айтқан мәлімдемелері еді. Ол өз сөзінде Ресей президентін тілге тиек етіп, оны мақтаған. 

"Путиннің қалай төтеп беретінін көріңіз. 55 ел онымен соғысып жатыр, бірақ ол жеңеді. Трамп оны ұшақтан қалай қарсы алғанын көріңіз. Басқа ешкім олай қарсы алмайды. Көріп отырсыздар, тұлғаның пассионарлығы ғана емес, бүкіл ұлттық пассионарлығы да (мақсатқа жету ұмтылысы бар адам) әлемді өзгерте алатын драйвер бола алады", – деді ол.

Медиа мен әлеуметтік желілерде Алексей Ситниковты күдік тудыратын "инфосыған" деп атайды. Қазақстанда мұндай пікірлердің ашық айтылуына, мұның тоқтатылуына форумда ешкім тосқауыл қоймауына халық наразы болды.

Одан кейінгі сын тудырған мәселе BeWoman форумы үшін ресейлік журналист Владимир Познердің шақырылып, оның сессиясының ашылмай қалуы болды.

Бұл бөлімді Жанна Кан өзі жүргізіп, оған кәсіби емес сұрақтар қойған. Кан бірнеше рет Познердің 91 жаста екенін еске салған әрі қойған сұрақтары тақырыпқа сай болмады дейді желі қолданушылары. 

BeWoman форумы соңғы 2 жыл ұйымдастырылып, белгілі қоғам белсенділерін бір алаңға жинап жүр. Былтыр форумға Илон Масктың анасы Мэй Маск қонақ ретінде келген еді. Биылғы форумға министр Аида Балаева, мотивациялық спикер ретінде Брайан Трейси, Ирина Хакамада және тағы да көптеген танымал адам қатысты. 

Іс-шараға қатысу билеттерінің бағасы 30 мыңнан 250 мыңға дейін болған. Сонымен қатар мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтында форум Қазақстан президенті жанындағы Әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілгені көрсетілген.

Бұған дейін Жанна Кан журналистер сұрақтарына жауап беру кезінде қазақстандықтар салық төлеуге дағдыланбаған және мемлекетті "бөтен нәрсе" ретінде қабылдайды деген пікір білдірді. 

"Бірақ білесіздер ме, тұрақсыз мемлекетте өмір сүргеннен гөрі салық төлеу әлдеқайда дұрыс. Кез келген сәтте "Қаңтар" оқиғасы болуы мүмкін немесе біреу сіздің бизнесіңізді рейдерлік жолмен тартып алуы ықтимал. Ертеңгі күн тұрақсыз болуы да мүмкін, себебі соғыс басталуы мүмкін", – деді Жанна Кан.

Ал Threads қолданушылары ресейлік саясатты қолдайтын жұлдыздардың келуін немесе концертін болдырмауға тырысу керек дейді.

"Біздің құқық қорғау органдары қайда қарап отыр? Ұлттық қауіпсіздік қызметі қайда?", "Әрине, мұндай пікірлер орынды емес! Неліктен біздің елде осындай насихатты жүргізуге болады?", "Осындай шараларға арналған ережелер мен сұрақтар тізімі жоқ па?" – деп жазды желі қолданушылары.

Оқырмандарының басым бөлігі соңғы күндері Жанна Канға қатысты бойкот жариялап жатыр.

“Жанна Канға бойкот жариялап, петиция жасайық! Өзінің байлығын халықтың мойнына мінгесіп құрған, "қол сұғылмайтын" элитаға жататын, қазақстандықтарды сөздерімен де, іс-әрекеттерімен де көпшіліктің көзінше қорлауға мүмкіндік беретін адамдар бізге қажет емес. Мұндай "пікір көшбасшыларының" халық атынан сөйлеуге ешқандай моральдық құқығы жоқ”, – деп жазды aizhan_star84.

marzhanochka атты аккаунт иесі жас дизайнермен болған жағдайдан кейін Жанна Канның беделі айтарлықтай төмендегенін айтады. Ал салық туралы айтқан пікірі оның қоғам алдындағы абыройына одан әрі нұқсан келтіріп, көпшілікке медиа кеңістікте оны көрудің өзі жағымсыз әсер қалдырды дейді ол.

Саясаттанушы Досым Сатпаев та пікірін білдірді. Оның айтуынша, мұндай форумдарды ұйымдастырушылар үлгі аларлық интеллектуалдарды шақыруы керек.

"Кейбір адамдардың Қазақстанға Мордорадан осындай инсыған, комиктер, поп-жұлдыздар, жалған журналистер керуенін әкелуге деген құштарлығы алаңдатады. Олардың көбі ұзақ уақыттан бері зомбилық әсерге еніп, оның нарративін таратушыға айналған. Бұл менталдық тұрғыдан "Стокгольм синдромы" сияқты. Одақ 30 жылдан астам уақыт бұрын ыдырады. Қазақстанда тәуелсіздік ұрпағы өсті. Қоғамда тарихи өзіндік сәйкестік пен деколонизация процесі жүріп жатыр. Дегенмен кейбіреулер әлі де жауыр болып кеткен нәрселерді тарататын, соғыс бастауыштарын мадақтайтын адамдарға жол беріп отыр. Кейбір "элита" өкілдері тәуелсіз Қазақстанмен сәйкестенбеген. Соларға әлі күнге дейін қызыл кілем жайып, ертеңгі саяси жағдай өзгерсе, осы тәуелсіздікті сынайтын адамдарға жол ашып отыр", – деп жазды саясаттанушы өз Facebook парақшасында.

Форумнан кейін қоғам белсендісі Жанна Ильичева да пікір білдірді. Ол өз жазбасында сырттан келген спикерлердің қазақстандықтарға қалай өмір сүруді үйретуге тырысатынына наразылығын білдірді.

"Неліктен бізге өмір сүруді үйреткісі келетіндер, біз туралы ештеңе білмейтін адамдар келеді? Олар келеді де, өз әлемінен табыс, мотивация, жаңа ойлау туралы айтады. Бірақ олардың құндылықтары мен қызығушылықтары басқа. Біз басқа елміз. Өз тарихымыз, өз қарқынымыз, өз бағдарымыз бар. Біз баяғыда тыңдаушы болудан өсіп кеттік. Енді ойымыздың авторына айналдық", – деп түсіндірді Жанна Ильичева.

Бұл дауға қатысты BE WOMAN ASIA форумының ұйымдастырушылары ресми түрде жауап берді.

"Форум барысында айтылған кейбір пікірлер біздің ұстанымымызды білдірмейді. BE WOMAN ASIA саясатқа араласпайды. Мақсатымыз – Орталық Азия әйелдеріне дамуға және ынтымақтасуға мүмкіндік беретін орта құру. Биыл 2700 қатысушы, 100 спикер және 50 ментор қатысты. Біз әр спикермен алдын-ала брифинг өткізіп, міндеттемелері жазылған ресми келісімшарт жасасамыз. Ол жерде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын немесе форум мен оның қатысушыларының абыройына нұқсан келтіретін саяси және өзге де мәлімдеме жасамау керек деген бөлім бар. Дегенмен форум тікелей эфирде өтетіндіктен, өкінішке қарай, спикердің бір сөзі регламенттен тыс айтылды. Алаңымызға саяси тақырыптың кірістірілгеніне көңіліміз түсті. Бұл BE WOMAN ASIA құндылығына әрі жобаның миссиясына сай келмейді", – деп пікір білдірді BE WOMAN ASIA.

Айта кетейік, Жанна Кан – өзін зергерлік брендтердің негізін қалаушы, өнерді қолдаушы және меценат ретінде таныстыратын тұлға. Сонымен қатар ол 470 миллион доллар (255 501 400 000 теңге) байлығы бар олигарх Сергей Канның жары.

Forbes.kz мәліметінше, Сергей Кан "ЦАТЭК" компаниясының 50%-ына және "ЦАЭК"-тің 47,1%-ына Александра Клебановпен бірге иелік етеді. Бұдан бөлек, ол Circle Maritime Invest кемежай компаниясының 50%-ының иесі (екінші бөлігі Яков Клебановқа тиесілі), сондай-ақ Rixos Almaty қонақүйінде және "Теңіз Star" ЖШС-де үлестері бар. 2023 жылдың желтоқсанынан бастап Сергей Кан "Қазақ мұнай және газ институты" АҚ-ның жалғыз иесі болды. Бұған дейін ол компанияның 50%-ын Константин Канмен бірге иеленген.

Еске салайық, бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін сотталған Арнұр Әпсейітов таяуда Алматыда өткен әйелдер форумында президенттің атынан кәсіпкер Жанна Канға жалған награда табыстаған. Желіде бұл жағдай наразылық тудырған еді. Медаль қолдан жасалған және ондағы қолтаңба батысқазақстандық белгілі кәсіпкер Марат Қайырғалиевке тиесілі болып шықты.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары