Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 10 965 адам Қазақстан азаматтығын алған. Олардың арасында 18 жасқа толмаған 335 бала бар. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ел азаматтары атанған адамдардың басым бөлігі қандастар екен. Осы есепті кезеңде 8 769 адам осы мәртебе бойынша Қазақстан азаматтығын иеленген. Тағы 1 088 адам Қазақстанның Беларусь, Қырғызстан және Ресеймен жасасқан халықаралық келісімдері негізінде азаматтық алған. Сонымен қатар 796 адам некеде тұрған әйелдің азаматтығы туралы конвенцияға сәйкес, 305 адам Президент жарлығы негізінде азаматтыққа қабылданған.
Азаматтық алғандар саны бойынша Алматы облысы көш бастап тұр, мұнда 3 276 адам тіркелгені айтылған. Сондай-ақ, Астанада 1 038, Жетісу облысында 1 036, Алматы қаласында 861, Жамбыл облысында 684 адамның азаматтық алғаны белгілі болды.
Жалпы салыстыру үшін айтсақ, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан азаматтығын 9 522 адам алған екен. Ал үшінші тоқсанда бұл көрсеткіш тағы 1 443 адамға артқан.