KZNews.kz
Әлем

"Путин Үшінші дүниежүзілік соғысты бастап кетті": Зеленский ел тағдыры туралы маңызды мәлімдеме жасады

Қайсар Қанат
Sven Hoppe/picture alliance via Getty Images. Суретте: Владимир Зеленский

BBC тілшісі Джереми Боуэнге берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский соғысқа қатысты ұстанымын тағы да нақтылады, деп хабарлайды kznews.kz.

Зеленскийдің айтуынша, Украина соғыста жеңіліп жатқан жоқ және соғысты өз жеңісімен аяқтайды. Ол Ресей президенті Владимир Путиннің талаптарын қатаң түрде жоққа шығарды. Путин бітімнің шарты ретінде Украина әскерін Ресей толық басып ала алмаған стратегиялық аймақтардан шығаруды талап еткен.

Зеленский бұл соғысты ауқымды жаһандық қауіп ретінде бағалайды.

"Менің ойымша, Путин Үшінші дүниежүзілік соғысты бастап кетті. Мәселе – ол қанша аумақты басып ала алады дегенде емес. Негізгі сұрақ – оны қалай тоқтатамыз? Ресей жеңбеуі үшін ғана емес. Ресей өз "әлемін" орнатып, адамдардың үйренген өмірін өзгерткісі келеді", – деді ол.

Сұхбат барысында Зеленскийден Украина бақылауындағы Донбастың 20 пайызын, сондай-ақ Херсон мен Запорожье облыстарының кей бөлігін Ресейге беру талаптары туралы сұралды. Мұндай қадам атысты тоқтатуға әкелсе, оны "ақылға қонымды баға" деп санауға бола ма деген сауал қойылды.

Зеленский бұл ұсынысқа мүлде басқаша қарайтынын айтты.

"Мен бұған тек жер ретінде қарамаймын. Бұл – жүздеген мың адамды тағдыр тәлкегіне тастау. Біз сол аумақтардан кетсек, позициямыз әлсірейді. Бұл – қоғамды бөлшектеу", – деді ол.

Президенттің сөзінше, мәселе тек территорияда емес, онда өмір сүріп жатқан адамдар мен ұлттық бірлікте.

Зеленскийдің ұстанымы айқын: Украина Ресейдің талаптарына көніп, аумақтық ымыраға баруға дайын емес. Оның пікірінше, Путинді тоқтатудың жалғыз жолы – әскери және экономикалық қысымды күшейту.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →