Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуге шақырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгін Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды kznews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент бүкіл әлем түркі халықтарына көз тігіп отырғанын алға тартып, бұл жарысты бірлесе дамытуға шақырды.
"Қазақстан осы ортақ іске белсене атсалысуға қашанда дайын. Екі бауырлас елге ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен ең құнды өсиеті: бұл – өзара құрмет және мәңгі достық. Осы даналықты ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ. Біз – Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерінің біріміз. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етті. Салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды мұра етіп қалдырды. Қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – ортақ парызымыз. Осы рухты борышымызды өркениетті, мәдениетті түрде, абыроймен жүзеге асыруымыз қажет", – деді ол.
Президент Қазақстан мақсаты – биік, жоспары – айқын, болашаққа сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде әрдайым алға қарай ұмтылып келе жатқанын айтты.
"Біз, соның ішінде ұлттық спортпен айналысатын жастар, басқа да спортшылар, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар, студенттер мен ғалымдар, жұмысшылар мен басқарушылар, әскери қызметкерлер мен мекеме қызметшілері – бәріміз мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуіміз қажет. Сонда ғана қазақ халқы толыққанды өркениетті қоғам болады", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін Президент Көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттады. Қазақстан құрамасы Бішкекте (Қырғызстан) өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпы медальдық есепте көш бастады. Біздің спортшылар 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль иеленді.