Бұған дейін Президенттің өтінішімен Конституциялық сот саяси биліктегі лауазымды тұлғалардың өкілеттігіне қатысты түсіндірме бергенін жазғанбыз. Өйткені, көтерілген жайт Қазақстанның саяси жүйесіндегі маңызды құқықтық мәселелердің бірі еді. Сондықтан тақырыпты жалғастырамыз.
Жалпы, Президент өкілеттігінің мерзімін есептеу тәртібі бірнеше жылдан бері сарапшылар мен қоғам назарында болып, саяси күн тәртібінде талқыланып келеді. Енді Конституциялық соттың ресми түсіндірмесі осы сұраққа құқықтық тұрғыдан нүкте қойды десек болар.
Еске алсақ, 2022 жылғы конституциялық реформадан кейін Қазақстанда президенттік институттың жаңа моделі қалыптасты. Сол өзгерістер аясында Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауында жеті жылдық бір реттік мерзімге сайланды. Бұл норма мемлекет басшысының өкілеттігін шектеуге, саяси жүйеде сабақтастық пен жаңару арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған маңызды өзгеріс ретінде бағаланды.
Алайда, кейін жаңа Конституция қабылданғаннан соң президенттік өкілеттік мерзімін есептеу мәселесі қайта көтерілді. Себебі, бұрынғы Конституциядағы кейбір нормалар 2028 жылы сайлау өткізу қажеттігін көрсетсе, жаңа конституциялық құрылымда бұл мәселе нақты жазылмаған еді. Осыған байланысты жаңа саяси-құқықтық жағдай бұрынғы сайлау мерзіміне қалай әсер етеді деген сауал туындады.
Мәселенің құқықтық шешімі ретінде Президенттің Конституциялық сотқа жүгінуі мемлекеттік институттардың жұмысындағы ашықтық пен заң үстемдігі қағидатын көрсетті. Конституциялық сот жаңа Конституцияның қабылдануы бұрынғы Конституция негізінде қабылданған шешімдердің мерзімін автоматты түрде өзгертуге негіз болмайтынын атап көрсетіп отыр.
Соттың түсіндіруіне сәйкес, Президенттің бір рет жеті жылға сайлану қағидаты сақталады. Бұл мерзім сайлау өткізілген күннен бастап есептеледі. Яғни, жаңа Конституция бұрынғы сайлау нәтижесін қайта қарамайды, бірақ құқықтық нормаларды қолданудың тәртібін нақтылайды.
Ал құқық үстемдігігің қағидаты деген не? Заңгерлердің пікірінше, Конституциялық соттың шешімі ең алдымен құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Себебі, мемлекеттегі ең жоғары лауазым иесінің өкілеттік мерзімі нақты әрі түсінікті құқықтық нормаларға сүйенуі тиіс.
Саяси жүйеде кез келген өзгеріс заңдық рәсімдер арқылы жүзеге асқанда ғана институттарға деген сенім нығаяды. Осы тұрғыдан алғанда, Конституциялық соттың түсіндірмесі билік тармақтарының өзара жауапкершілігі мен Конституцияның жоғары заңдық күшін тағы бір мәрте көрсетті.
Демек, ендігі сөз сайлау күнтізбесі және саяси сабақтастыққа қарай өрбуге тиіс. Конституция бойынша президенттік және парламенттік сайлауларды қатар өткізуге жол бермейді. Сондықтан алдағы сайлау күнтізбесін белгілеу кезінде осы талап ескерілмек. Бұл саяси процестердің тұрақтылығын сақтауға және мемлекеттік институттардың үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Конституциялық сот шешімі Президенттің міндетті түрде сайлауға қатысуын білдірмейді. Бұл тек Конституциядағы нормаларды түсіндіру арқылы оның заңдық мүмкіндігін айқындайды. Мемлекет басшысы бұған дейін кезекті президент сайлауы 2029 жылы өтетінін айтқан болатын.
Осылайша, Конституциялық соттың шешімі Қазақстанның саяси жүйесіндегі маңызды құқықтық сұрақты шешіп, президенттік өкілеттік мерзіміне қатысты белгісіздікті жойды. Ең бастысы саяси процестердің Конституция талаптары мен құқықтық рәсімдер негізінде жүзеге асатынын көрсетті.