Маңғыстау облысында 50 жастағы Сәрсенбай Өмірбаев із-түзсіз жоғалып кетті. Полиция ер адамның жүрген жерін анықтау үшін жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Lada.kz жазуынша, Қарақия ауданына қарасты Мұнайшы ауылының тұрғыны Сәрсенбай Өмірбаев 27 қыркүйек күні шамамен сағат 07:30-да «Шопан-Ата» аумағындағы «Шанқұм-Бекі» шаруа қожалығынан белгісіз бағытқа шығып кеткен. Содан бері ол жақындарымен байланысқа шықпаған.
Жоғалған ер адамның бойы шамамен 165-170 сантиметр, дене бітімі орташа. Көзі қара, шашы қысқа әрі ағарған.
Жоғалған күні үстінде қара күртеше, қара шалбар және қара аяқ киім болған. Өзімен бірге ұялы телефоны болған.
Маңғыстау облысының полиция департаменті қазіргі уақытта ер адамның жүрген жерін анықтауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жалғасып жатқанын хабарлады.
Полиция бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, оның жүруі мүмкін бағыттарды тексеріп жатыр. Іздестіруге полицияның жеке құрамы жұмылдырылған.