KZNews.kz
Әлем

Президент кортежі салдарынан жүкті әйел ауруханаға жете алмай қайтыс болды

Ayzhan Sylanova
Фото: ашық дереккөз

Оқиға күні ел президенті Сердар Бердымұхамедов қаланың маңында жаңа химия зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысқан. Осыған байланысты Түркіменабадтағы барлық орталық көшелер мен жолдар уақытша жабылып, қала қозғалысы толық тоқтатылған.

Полиция мен аурухана өкілдерінің айтуынша, сол күні жедел жәрдем көліктері де аурухана аумағынан шыға алмаған.

«Күзет қызметі біздің аурухананың ауласынан жедел жәрдемді шығаруға рұқсат етпеді. Соның салдарынан науқастарға, соның ішінде босануға жақындаған әйелдерге де көмек көрсетілмеді», – дейді аурухана қызметкерлерінің бірі.

Жүкті әйелді ауруханаға жеткізбек болған күйеуі күзетшілерге жалбарынып, жол ашуды сұрағанымен, рұқсат ала алмаған.

«Ол тізерлеп, жалынып тұрды. Бірақ күзетшілер өткізбеуді бұйрық деп айтты. “Көшелерді айналып өт” деді. Ер адам аудандық ауруханаға жеткенше әйелі мен іштегі сәбиі қайтыс болған», – дейді полициядағы дереккөз.

Кейін ер адамға бұл оқиға туралы ешкімге тіс жармау жөнінде қатаң ескерту жасалып, «баласына қамқор болуға» кеңес берілген.

Лебап уәлаятының ресми органдары оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты.

«Азаттық радиосының» мәліметінше, Түркіменстанда жоғары лауазымды тұлғалардың сапары кезінде жолдардың бірнеше сағатқа жабылуы жиі қайталанады. Бұл жағдайлар тұрғындардың наразылығын тудырып келеді, себебі мұндай шаралар медициналық және жедел қызметтердің жұмысын тежейді.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары