Алматы облысында полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеуге іліккен жасөспірімдердің бірінің адвокаты істің мән-жайына байланысты мәлімдеме жасады, деп kznews.kz тілшісі Ulysmedia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
37 жастағы полиция қызметкерінің өртенген денесі 23 маусымда Алматы облысының таулы аумағынан табылған еді. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, марқұмның жұбайы Арайлым Әлсерова күдікті ретінде қамауға алынды. Ал оқиға орнында болған үш кәмелетке толмаған жасөспірім үйқамаққа жіберілді.
Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, оның қорғауындағы жасөспірім Аслан Әлсеровтің ұлымен дос болған. Қайғылы оқиға болған күні ол досының үйіне плейстейшен ойнауға барған.
"Сараптама тағайындадық. Қазір онымен психолог маман жұмыс істеп жатыр. Қорытындысын алған кезде белгілі болады. Өйткені мына жерде тергеушілер кәмелетке толмаған балаларға қысым жасап, алдын ала келісім жасаған. Олар кәмелетке толмаған балалар. Ой жоқ. Олар білмейді, жоспарламайды. Ана жерде ерлі-зайыптылардың арасында жанжал болған. Балалар шокта болған. Қылмыстық кодексте бар нәрсе, «эксцесс соучастие» деген. Ол орысша айтқанда, "Не в то время, не в том месте" болған", – дейді Ғалым Нұрпейісов.