KZNews.kz
Аймақ

Петропавлдық зейнеткер әйел жолдан адасып, аязда тоңып қайтыс болды

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі, суреттің Петропавлдық зейнеткерге қатысы жоқ

Солтүстік Қазақстан облысы полициясы із-түзсіз жоғалды деп есептелген қарт әйелдің қаза болуына қатысты жағдайды тексеріп жатыр. Зейнеткер әйел Петропавлдағы ауруханалардың бірінің маңында қатты суықтан үсіп, қайтыс болған, деп хабарлайды kznews.kz.

СҚО полиция департаментінің хабарлауынша, 14 қаңтар күні кешке құқық қорғау органдарына 314-атқыштар дивизиясы көшесінде тұратын 75 жастағы әйелдің жоғалғаны туралы арыз түскен. Әйелдің шамамен сағат 13:00-де үйінен өздігінен шығып, ауруханаға қарай бет алғаны, бірақ қайта оралмағаны анықталған. Ұялы телефоны өшірулі болған.

Зейнеткердің денсаулық жағдайын ескере отырып, полицейлер оның бағдарынан жаңылып қалуы мүмкін екенін жоққа шығармаған. Іздеуге қалалық басқарма мен облыстық полиция департаментінің қызметкерлері, СОБР жауынгерлері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, сондай-ақ еріктілер тартылған. Жалпы іздеу жұмыстарына 60-тан астам адам қатысқан.

Іздеу жұмыстарына ауа температурасының төмен болуы айтарлықтай кедергі келтірген. Әйелдің жоғалуына қатысты ықтимал нұсқалар қарастырылып, оның пайда болуы мүмкін орындар тексерілген, көшедегі бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелген. Алайда қараңғы уақытта оның нақты қайда екені анықталмаған, – деп мәлімдеді өңірлік полиция департаменті.

15 қаңтар күні таңертең учаскелік инспектор әйелді аурухана маңындағы шаруашылық корпусының жанында, адамдар сирек жүретін аумақта қоршау түбінен тауып алған. Ол аса ауыр жағдайда болып, қатты үсіп қалғандықтан байланысқа келе алмаған. Зейнеткер дереу жедел жәрдем бригадасына тапсырылғанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Әйелдің өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция өкілдері денсаулығына байланысты бағдарынан жаңылып, байланыссыз қалуы мүмкін қарт туыстарға ерекше мән беріп, мұқият бақылауда ұстау керегін еске салды.

Қарт адамдардың өз бетімен жүруіне жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймыз. Олар үйіне қайтар жолды таба алмай қалуы мүмкін, – деп атап өтті ведомство.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары