Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізілді.
Жылыту маусымының басталуына байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Профилактикалық шара барысында мамандар үйлерге улы газ бен түтінді анықтайтын арнайы датчиктер орнатып, мұржаларды тазалау жұмыстарын жүргізді.

Әсіресе, жеке тұрғын үйлер орналасқан Нұра ауданындағы Үркер шағын ауданына ерекше назар аударылды. Мұнда төтенше жағдайлар қызметкерлері аудан әкімдігінің өкілдерімен бірлесіп, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертті.
«Қазіргі уақытта Нұра ауданындағы Үркер шағын ауданында жылыту маусымына орай аудан әкімдігінің өкілдерімен бірге профилактикалық мақсатта аралау жұмыстарын жүргіздік. Жыл басынан бері бұл ауданда 100-ден астам улы газ бен түтін датчигі орнатылды. Тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырамыз», – деді Нұра ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Диас Нұрмаханбет.
Мамандар жылыту маусымында пештер мен мұржалардың техникалық жағдайына ерекше көңіл бөліп, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өйткені мұржалардың бітелуі мен жылыту құрылғыларын дұрыс пайдаланбау өрт шығу және улы газдан улану қаупін арттырады.