110 мың теңге: Әлеуметтік секіріс пе, әлде инфляциялық тұзақ па?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қалт-құлт еткен қоғамдық келісім: сепаратизм деректері СҚО әкімдігін селт еткізбей ме?

Қалт-құлт еткен қоғамдық келісім: сепаратизм деректері СҚО әкімдігін селт еткізбей ме?
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы материал жариялаған едік. Журналистік зерттеу барысында аймақтағы қоғамдық келісім мәселесіне арнайы тоқталу керектігін байқағанбыз. Осы тақырыпты індетсек...

Жалпы, өңірдің географиялық орналасуы, этнодемографиялық құрамы, көші-қон үдерісі, мемлекеттік тілдің қолданысы және ақпараттық кеңістіктің ерекшелігі бұл мәселені әлдеқайда кең ауқымда қарастыруды қажет етеді екен. Әсіресе, соңғы жылдары облыс орталығы Петропавл қаласында тіркелген сепаратистік сипаттағы оқиғалар жергілікті биліктің идеологиялық ұстанымы мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты түрлі сұрақ туғызатыны жасырын емес.

Кейінгі кезеңдегі мәліметтерді зерделегенде, өңірде сепаратизм мен ұлтараздығын қоздыру белгілері бойынша қозғалған ондаған қылмыстық істер бары анықталды. Мысалы, 2022 жылы Петропавлда Ресеймен бірігу идеясын ашық қолдаған ерлі-зайыптылар бес жылға бас бостандығынан айырылған. Олардың әлеуметтік желідегі өрбіген сұхбат кезінде Солтүстік Қазақстан облысын Ресейге қосу қажеттігі туралы пікір білдіргені сотта дәлелденген.

Ал 2023 жылғы оқиға тіптен бөлек. 19-наурызда Петропавлдағы университет колледжінің ғимаратында жиырмаға жуық адам жиналып, Қазақстан билігіне бағынбайтын тәуелсіз "Халық кеңесін" құру туралы мәлімдеме жариялаған болатын. Бастамашылар арнайы декларация қабылдап, аймақта жеке құрылым қалыптастыруға әрекеттенген екен. Прокуратураның мәліметінше, декларациясымақта Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің заңдылығына күмән келтіретін тұжырымдар болған. Ізін ала бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен, яғни сепаратистік әрекет белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында бірқатар қатысушыға мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы бағытталған әрекеттерге қатысты өзге де баптар бойынша айып тағылды. Ақыры 2023 жылдың қараша айында сот төрт адамды кінәлі деп танып, ұйымдастырушыны тоғыз жылға, қалған үшеуін жеті жылға бас бостандығынан айырған еді. Апелляциялық сот та бұл үкімді өзгеріссіз қалдырыпты.

Бір қызығы, Солтүстік Қазақстан облысында мұндай оқиғалар жыл сайын болып тұрады екен. 2024 жылы да бір жағдай болған. Мамлют ауданындағы Дубровное ауылының тұрғыны TikTok желісіндегі тікелей эфирде Солтүстік Қазақстан аумағын Ресейдің тарихи жері ретінде сипаттап, Ресей әскерінің Қазақстанға басып кіруін қолдайтынын айтқан-ды. Ол сол қылығы үшін үш жылға сотталған. Ашық дереккөздерге қарасақ, сол жылы Петропавлда сепаратистік әрекеттерге қатысты тағы бірнеше сот үкімі шыққан көрінеді.

Яғни, бұл деректер өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды бағалағанда ескерусіз қалмауы керек деген пікірдеміз. Жалпы, Бас прокуратура таратқан ақпарат бойынша, аз уақытта Солтүстік Қазақстан облысының соттары ұлтаралық араздықты қоздыру және сепаратизм фактілері бойынша 14 адамға қатысты 10 қылмыстық істі қараған. Мұнан бөлек, Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша тіркелген істер де көбейген. Атап айтқанда, әлеуметтік желіде ұлттық және діни араздықты қоздыратын жарияланымдар таратқан азаматтарға қатысты сот үкімдері болған. Мұндай әрекеттер үшін жазаға тартылғандар арасында әлеуметтік желідегі жалған аккаунттарды қолданушылары да бар.

Әрине, жекелеген адамдардың әрекетін тұтас тұрғындарға телуге болмайды. Яғни, Солтүстік Қазақстан тұрғындарының басым көпшілігі елдің тұрақтылығы мен тұтастығын қолдап отыр. Дегенмен, мұндай сепаратистік мәлімдемелер мен ұлтаралық араздық тудыру белгілері бар әрекеттердің бірнеше рет қайталануы аймақтағы идеологиялық ұстаным мен алдын алу жұмыстарының тиімділігіне қатысты алаңдаушылық туғызады.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қоғамдық келісім мәселесіне қатысты мәлімдемелері жиі жарияланатыны айтылған. Обалы нешік, облыс басшысы этномәдени бірлестіктер мен бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын мақтанышпен атап өткен. Есептерде өңірде ұлтаралық татулықты түсіндіру іс-шаралары жолға қойылғаны, этномәдени орталықтардың өкілдері тұрғындармен жиі кездесіп тұратыны айтылады. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары да арандатушылық әрекеттердің алдын алу бағытында белсенді жұмыс істейтіні көрсетілген.

Алайда, қоғамдық келісімнің нәтижесін өткізілген кездесулер мен мәдени іс-шаралардың санымен ғана өлшеу жеткіліксіз болғанын жоғарғыдағы дәлелдерден көріп отырмыз. Яғни, бірнеше жыл ішінде сепаратистік сипаттағы оқиғалардың сотқа дейін жетіп, ондаған адамға қатысты қылмыстық істер қаралғанын ескерсек, Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның командасы жүргізіп отырған идеологиялық саясаттың мазмұны мен тиімділігіне бұдан да тереңірек үңіліп, тиісті баға берілуі қажет сияқты.

Екіншіден, бұл мақсатқа бөлінетін бюджет қаражаты да аз емес. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, 2026 - 2028 жылдарға арналған облыстық бюджетте бұрынғы Ассамблея қызметін қамтамасыз етуге бастапқыда 197,364 млн теңге қарастырылған екен. Яғни, бюджеттік бағдарламада жыл сайын 35 іс-шара өткізу және 24 этномәдени бірлестіктің қызметін қамтамасыз ету межеленген-мыс. Әлбетте, бұл жерде әкімдік пен қоғамдық келісім органдарының жұмысы тек мәдени фестивальдер, достық кездесулер мен мерекелік концерттер арқылы бағаланбауға тиіс. Және бөлінген қаржының игерілуі қоғамдағы сенім деңгейінен, азаматтардың мемлекеттік тілдегі ақпаратқа қолжетімділігінен, жастардың елдік құндылықтарға көзқарасынан және әлеуметтік желілердегі арандатушылыққа қарсы жүргізілген жұмыстың нәтижесін де көрінуі қажет.

Үшіншіден, Солтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық келісім тақырыбын талдау барысында мемлекеттік тіл мәселесін айналып өту мүмкін емес. Әрине, өңірдің тарихи-демографиялық ерекшелігі мен шекаралық орналасуы тілдік ортаның қалыптасуына да әсер етіп отыр. Сондықтан облыстағы қазақ тілінде білім беретін мектептердің жағдайы, оқушылардың қазақ тіліндегі білімге қолжетімділігі, мемлекеттік мекемелердегі тілдік орта және қазақ тіліндегі ақпараттық контенттің үлесі де нақты көрсеткіштермен бағалануы керек сияқты. Бұл жерде сепаратистік сипаттағы мәлімдемелердің бір бөлігі әлеуметтік желілер мен интернет платформаларда таралғанын ескерсек, жергілікті биліктің ақпараттық-түсіндіру жұмысы жаңа кезеңнің талаптарына сай болмай отыр деуге болады. Әсіресе, жастар арасында тарихи деректерді бұрмалау, Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына күмән келтіру сияқты әрекеттерге қарсы жүргізілген ақпараттық жұмыстың жүйелігі мен тиімділігі күмән туғызады.

Жалпы, өңірдегі білім беру мен әлеуметтік жағдай туралы бұғанға дейін жариялаған мақалада толығырақ жазғанбыз, қайталап жату артық.

Тоқетерін айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысындағы сепаратизм және ұлтараздығын қоздыру бойынша сот шешімімен дәлелденген фактілердің көбеюі бәрімізді ойландыруға тиіс. Бірінші кезекте облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның идеологияға жауапты орынбасарын, әрине...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.