KZNEWS.KZ
Қоғам

Петропавлда фабрикада жұмысшыны қамыр илейтін құрылғы тартып, ол оқиға орнында қаза тапты

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

Петропавлдағы белгілі макарон фабрикаларының бірінде қайғылы оқиға болды. Қамыр илейтін құрылғы 35 жастағы жұмысшыны тартып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz

Әріптестерінің айтуынша, оқиға марқұмның қасындағы жұмысшының көз алдында болған. Алайда ол құрылғыдан дер кезінде шегініп үлгеріп, аман қалған.

Еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір мемлекеттік еңбек инспекциясының комиссиясы арнайы тергеу жүргізіп жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысы бас мемлекеттік еңбек инспекторының орынбасары Азат Көшербаевтың айтуынша, қайғылы жағдай “Сұлтан-ЭММК” АҚ-да макарон өнімдерін өндіру кезінде болған.

“Комиссия жазатайым оқиғаның неден болғанын, оған кімнің кінәлі екенін, зардап шеккен жұмысшының аталған жұмысты атқаруға міндетті болған-болмағанын және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтауы керек”, – деді ол.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →