Тергеу деректеріне сәйкес, қала тұрғыны 2018 жылдан бері екі қызы бар әйелмен бірге тұрған. Екі қыздың да дамуында ерекшеліктер болған.
Павлодарда екі өгей қызын зорлап, оларға АИТВ инфекциясын жұқтырған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қылмыс 2025 жылы болған. Анасы қыздарын өгей әкесінің қарауына қалдырып кеткен кезде, мас күйдегі ер адам оларға жыныстық зорлық көрсеткен. Кейін оның АИТВ инфекциясын жұқтырғаны және вирустың екі қызға да берілгені анықталған.
Істі қараған Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Судья Жанна Нығыбаева сотталушыға кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға да өмір бойына тыйым салынғанын мәлімдеді. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.