Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов Жаңа жылдағы қалыптасқан дәстүрінен жаңылмай, 1 қаңтар күні таңертең ат үстінде тікелей эфирге шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол бірнеше жылдан бері өңір тұрғындарын осындай ерекше форматта құттықтап келеді.
“Бүгін дәстүр бойынша атқа мініп жүрмін. Шамамен бір сағаттан асты. Далада салқындау, жел бар. Баршаңызды Жаңа жылмен құттықтаймын! Жаңа жетістіктерге жетіңіздер, ал отбасыларыңызға береке мен молшылық тілеймін. Әрине, табыс тілеймін. Өткен жыл оңай болды деп айта алмаймын, бірақ нәтижелі өтті. Алда әлі де шешімін табуы тиіс көптеген мәселе бар”, – деді Асаин Байханов.
Желі қолданушылары әкімнен Павлодарда көбіне қай жерде серуендейтінін сұрап, жылқыны жақынырақ көрсетуді өтінген.
Байхановтың айтуынша, ол айына екі жексенбі атқа мінумен айналысады. Алайда жұмыстың көптігіне байланысты әрдайым мүмкін бола бермейді.
“Әсіресе қыста, аязды күндері, бетке жел соғып тұрғанда атқа мінгенді жақсы көремін”, – деп мойындады әкім.