Павлодар облысында "Қазавиақұтқару" компаниясына тиесілі Ми-8 АМТ тікұшағы қону кезінде үлкен мәселеге тап болды. Бортта 13 адам болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиғаның куәсі болған Vita іздестіру жасағының еріктілері сол сәтте жақын маңда жоғалған адамды іздеуге қатысып жүрген. Олардың айтуынша, тікұшақ төмен ұшып келе жатқан, кейін жерге қонған кезде әуе кемесінің қалақтары жан-жаққа ұшып, құйрық бөлігі үзіліп, шассиі зақымданған.
"Адамдар салоннан айқайлап шығып жатты. Көпшілігі тікұшақ өртеніп кете ме деп қорықты. Біздің жігіттер оларға алғашқы көмек көрсетті", – деді Vita жасағының өкілдері.
Көлік министрлігінің баспасөз қызметі оқиғаның 24 маусым күні Павлодар маңындағы Заря ауылының маңында болғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Ми-8 АМТ тікұшағы іздестіру-құтқару жұмыстарын орындау кезінде қатты қонған. Бортта 5 экипаж мүшесі және 8 жолаушы болған.
Министрлік қаза тапқандар жоқ екенін мәлімдеді. Ал зардап шеккендер туралы мәлімет нақтыланып жатыр.
Қазір оқиғаның себебі мен мән-жайын Көлік министрлігінің көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті анықтап жатыр. Мамандар оқиға орнында тексеру жұмыстарын бастап, нақты деректер жинауға кіріскен.