Жеңіс Ысқақова жанұясындағы келеңсіз жаңалықты айтып, жұрт алдында мәлімдеме жасады. Әншінің осыдан екі жыл бұрын үйленген ұлы мен келіні ажырасып кеткен көрінеді. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берген өнер иесі, жас отбасының жағдайын баяндап берді.
"Мұндай проблема көп қазақтың шаңырағында бар. Ене мен келіннің проблемасы, сонау атам заманнан келе жатыр. Өзекті проблема! Ол жалғыз әртістердің шаңырағында емес. Бізден асқан ене жоқ. Біз кешке дейін үйде отырған енелер емеспіз ғой. Үйде отырып алып "Шәйіңді қалай құйдың, қамырыңды қалай иледің" деп отыратын әртіс ене жоқ. Біз эстафетаны береміз. Мынау сенің ас үйің, мынау шаңырақ, мынау менің балам. Өніңдер, өсіңдер, көркейіңдер дедік. Жағаласып отырған біз жоқ. Соның өзін алып кете алмайды көп келіндер. Шахизаданың да баласы солай болды. Ол еркелеткен екен. Еркелетсең де бәле, еркелетпесе де бәле. Мен еркелеткен жоқпын. Мен оған ақыл да айтқан жоқпын. Сөзге де келген жоқпыз", - дейді жұлдызды экс-ене.
Жұлдызды жанұяда өзін жайсыз сезінген келіншек, өз қалауымен төркініне кеткен. Енесі себебін сұраған сәтте, жас келіннің жауабы да дайын екен.
Мұндай жағдайда ата-ананың жауапкершілігі зор, дейді әнші. Қазақы жерде өскен Ысқақованың ойынша, қыз баланы қаршадайынан отбасылық өмірге дайындауы керек.
Ысқақова, алғашқыда отбасындағы жайсыз хабарды ешбір жерде жариялауды қаламаған. Өйткені күдіктен гөрі, үміті басым еді. Уақыт өте келе, келінінің отбасына оралмасын түсінген секілді.
"Басында айтқым келмеді. Ертең бір-бірін сағынар, қайта қосылар деген үмітпен жүрдім. Қателесіпіз, қайта келейік десе, бірге тұрыңдар дейсің ғой. Хат жоқ, хабар жоқ жүрген соң, не істейсің? Мен келінімнің артынан жүгіруім керек пе?" - деп сөзін түйіндеді Жеңіс Ысқақова.
Айта кетейік, Жеңістің ұлы Айбатыр мен келіні Карина 2017 жылдың жаз мезгілінде шаңырақ көтерген еді. Экс-жұбайлардың ортақ некесінен бала жоқ.
stan.kz