Израиль Президентінің сапары Қазақстанға қандай пайда алып келеді?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Өздерің жасап алыңдар": Астанада өрттен кейінгі тұрғын үйдің жағдайы көңіл көншітпейді

"Өздерің жасап алыңдар": Астанада өрттен кейінгі тұрғын үйдің жағдайы көңіл көншітпейді
Фото: kznews.kz

Астанада 13 сәуір күні Күлтегін 11/1 көшесінде орналасқан «Ансар» тұрғын үй кешенінде электр қалқанында өрт шығып, соның салдарынан бір подъезде жарық өшірілген. Он қабатты ғимаратта шамамен 25 пәтер электр қуатынсыз қалған.Тұрғындардың айтуынша, өрт электр сымдары арқылы тез тарап, 2-қабаттан 10-қабатқа дейінгі аралықты зақымдаған. Оқиғадан кейін тұрғындар шамамен бес күн бойы жарықсыз отырды. Кейбірі туыстарына көшіп кеткен, енді бірі  өз қаражатына уақытша пәтер жалдауға мәжбүр болған. Кейін әкімшілік электр қуатын қалпына келтірген. Тұрғындар қала қызметтерінің жұмысына жалпы оң баға бергенімен, МИБ (Мүлік иелерінің бірлестігі) жұмысына қатысты үлкен наразылық білдіріп отыр, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі. 

kznews.kz  тілшісі оқиға болған «Ансар» кешеніндегі жағдайды анықтады. Өрттен кейін төртінші подъезд әлі де ауыр жағдайда екені белгілі болды. Тұрғындардың айтуынша, өрт болған подъезде қара күйе мен түтіннің иісі бар, пәтер есіктері зақымданып, тіпті жабылмайды.

Тағы бір өзекті мәселе – өрт дабылы жүйесі. Тұрғындар 1–4 подъездерде ол мүлде жұмыс істемейтінін айтып, қайта өрт шығу қаупінен алаңдаулы.

Негізгі дау МИБ пен жинақ қорының қаражатын басқаруға байланысты туындаған. Тұрғындардың сөзінше, электр мен су жүйелері қалпына келтірілгенімен, өрттен зардап шеккен подъезді жөндеуге жинақ қорындағы қаражатты пайдалану мүмкін болмай отыр. Әкімшілік те бұл жұмыстар МИБ құзыретінде екенін айтқан.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, 1 наурыздан бастап МИБ пен мердігер компания арасында тұрғын үйдің алты подъезін жеңіл түрде жөндеуге келісімшарт жасалған. Жұмыстар 29 мамырға дейін аяқталуы тиіс.

Осы келісім аясында МИБ өкілі мердігерге материалдар мен жөндеу жұмыстары үшін 4 миллион теңге алдын ала төлем аударған. Алайда тұрғындардың айтуынша, қаражаттың аударылатыны ешкіммен келісілмеген және жалпы жиналыста мақұлданбаған. Сондықтан олар келісімшартты бұзып, ақшаны қайтарып алып, ең қатты зардап шеккен төртінші подъезді қалпына келтіруді талап етіп отыр.

Бірақ үй тұрғындары айтқандай, МИБ бұл талаптарды орындаудан бас тартып, нақты түсініктеме бермеген.

«Бұл подъезді жинақ қоры есебінен қалпына келтіру керек. Біз төтенше жағдайдамыз. МИБ төрайымы жөндеу жасамаймыз деп отыр. Тұрғындар кеңесі де бізді қолдамайды. Олар біздің мүддемізді қорғауы керек еді. Бізге “өздерің істеңдер” дейді. Ақша жоқ дейді. Ал 4 миллион теңгені алып, басқа бір белгісіз ұйымға жіберген. Бір подъезд ғана жасалған, қалған ақшаны қайтармай отыр. 70 пайыз ақшаны істелмеген жұмысқа қалай береді? Бұл тұрғындардың ақшасы ғой. Біз екі аптадан бері күйе ішінде отырмыз»,- деді тұрғындардың бірі.

Тұрғындар МИБ-қа тұрақты түрде жарна төлейтінін, қарыздары жоқ екенін айтады. Соған қарамастан, олар өз подъездерін қалпына келтіру үшін жиналған қаражатты пайдалана алмай отыр.

«Басқа подъездерде қарыз бар. Ал біздің подъезде қарыз жоқ. Бірақ біз өз ақшамызды пайдалана алмай отырмыз».

Тағы бір мәселе – басқа подъездер жағдайдан бейхабар болған. Төртінші подъезд тұрғындарының айтуынша, МИБ оларға толық ақпарат бермеген.

«Біз бәріне айтқан шығар деп ойладық. Бірақ басқа подъездер білмейді екен. Олар келісе салар еді. Біз өзіміз чат ашып, біздегі жағдайдың бәрін көрсеттік»,- деді үй тұрғыны.

Қазір тұрғындар қаражаттың бөлінуін қайта қарауды және ең зардап шеккен төртінші подъезді шұғыл жөндеуді талап етіп отыр. Бірақ МИБ келісімшарт бойынша ақша аударылып кеткенін, ал қорда қосымша қаражат жоқ екенін айтқан. Кейін тұрғындарға келісімшарт көрсетілгенімен, олар құжатта нақты смета, материалдар мен техникалық сипаттама жоқ екенін айтып отыр.

«Жинақ шотында ақша жоқ дейді. Бізге бәрін өз қаражатымызбен қалпына келтіруді айтады. Бұрын жасалған келісімшартты кері қайтарып, подъездерді жөндеуге бөлінген қаражатты қайтару үшін тұрғындар арасында сауалнама өткізу керек дейді. Бірақ жеке кәсіпкерге мұндай сауалнама қажет емес. Келісімшартта бұл талаптар көрсетілмеген. Құжат тек орындаушының мүддесіне сай жасалған. Онда материал сапасы да, қосымшалар да, смета да көрсетілмеген», — деп ашуланады тұрғындар.

Сондай-ақ, МИБ жөндеу жұмыстарына арналған қаржыны тұрғындардың өздеріне жинауды ұсынған

«Екі аптадан бері біз одан нақты әрекет күтіп отырмыз. Көмек те ұсынып отырмыз. Бірақ ол өзі бас тартып, бәрін өз есебімізден жөндеңдер деп отыр. Неге? Сонда біз не үшін төлеп отырмыз? Жинақ шотына ақша не үшін жинаймыз? Ол ТЖД-ның қорытындысын күтіп отыр. “Кім кінәлі болса, сол жөндейді” дейді. Бірақ заңда бұл аумақ МИБ-қа тиесілі екені көрсетілген. Өрт пәтердің ішінде болған жоқ қой. Өрт 4 немесе 6-қабаттан басталып, 10-қабатқа дейін тарады», — дейді тұрғындар.

Бірінші қабатта төбенің зақымданғаны байқалады, бұл оның кез келген сәтте құлау қаупін тудырып отыр. Сонымен қатар, тұрғындар электр сымдарында ақаулар барын және жөндеу жұмыстарынан кейін кейбір коммуникациялардың ашық қалғанын айтады.

«Өртті сөндіргенде 10-қабаттан түскен бүкіл су төменге ағып кетті. Барлық салмақ осы төбеге түсті. Ол кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін. Біздің балалар күнде осы жерден өтеді», — дейді тұрғындар.

Осы жағдайға байланысты кейбір тұрғындар әлі де өрттің салдарымен өмір сүруде немесе уақытша пәтер жалдауға мәжбүр. Олар қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы толық ашықтықты, мердігермен жасалған келісімшарттарды қайта қарауды және зақымданған подъезд бен қауіпсіздік жүйелерін шұғыл қалпына келтіруді талап етуде.

Автор
Дархан Тоқан

Журналист. Блогер. Фрилансер