Атырауда атышулы қылмыстық іс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шығарылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Мекемеден шыққаннан кейін ол балаларымен кездескен. Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Ғиниятованың айтуынша, Ақбаян балаларымен алғаш рет 27 тамызда, кейін 1 қыркүйекте жүздескен.
«Балаларының заңды өкілі ретінде келді. Ол ата-ана құқығынан айырылған жоқ. Балалармен кездесу әр жұма сайын сағат 17:00-19:00 аралығында өткізіледі. Мұны ол алғашында білмеген», – деді орталық директоры.
Қазір оның төрт баласы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып, сол жерде білім алып жатыр. Ал бір жарым жастағы кенже ұлы сәбилер үйіне орналастырылған.
Орталық басшысының сөзінше, балалардың денсаулығы мен көңіл-күйі жақсы. Олардың мұнда қанша уақыт болатыны әзірге белгіленбеген.
Ақбаян Мұқанғалиеваның туыстары оның балаларын танитынын және олармен байланысын үзбегенін айтты. Сонымен қатар ол ем қабылдауын алдағы уақытта да жалғастырады.