Отандық журналистика мен сөз бостандығына қатысты тақырыпты жалғастырсақ. Біз бұған дейін Қазақстанның медиа жүйесіндегі жағдайғла әлемнің көзімен қарап, халықаралық ұйымдардың тұжырымдарын мысалға келтірген едік.
Жалпы, Қазақстандағы сөз бостандығы соңғы жылдары белгілі бір өзгерістер кезеңін бастан кешіруде. Заңнамалық жаңғырту мен цифрлық платформалардың дамуы ақпараттық кеңістікті кеңейткенімен, ақпаратқа қолжетімділік, журналистердің құқықтық қорғалуы және БАҚ-тың тәуелсіздігі мәселелері әлі толық шешілмегені мәселе күйінде қала бермек.
Шетелдік және отандық медиа сарапшылардың пікірінше, сөз бостандығын дамыту үшін мемлекеттік институттардың ашықтығын арттыру, журналистердің кәсіби құқықтарын қорғауды күшейту және қоғамның ақпараттық мәдениетін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасуға тиіс. Бұл демократиялық реформалардың тиімділігі мен қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтудың маңызды алғышарттарының бірі деп саналады екен.
Дегенмен, соңғы жылдары белгілі Қазақстанның медиа кеңістігінде оң үрдістер де байқалады. Мәселен, мемлекеттік органдардың ашықтыққа ұмтылысы артып, әлеуметтік желілер қоғамдық пікір алаңына айналып келеді. Тәуелсіз интернет-басылымдардың саны көбейгені де қуантады. Әсіресе, елде азаматтық журналистика кең тарады деуге болады. Осының негізінде мемлекет қабылдайтын маңызды шешімдерге қатысты қоғамдық талқылау тәжірибесі де жиілей бастады.
Әсіресе, Facebook, Instagram, Threads,л Telegram және YouTube платформалары қоғамдық мәселелерді ашық талқылаудың маңызды құралына айналды.
Әрине, бұл жерде қазақтың жылдар бойы қалыптасқан баспасөз тарихы мен дәстүрлі медианың басынан бақ тайды деу тұжырым жасауға болмайды.
Дерекке қарасақ, қазір Қазақстанда 5 мыңнан астам, нақтысы шамамен 5,1–5,2 мың ресми тіркелген БАҚ бар екен. Оның ішінде 3110 мерзімді басылымдар, 248 телеарна, 99 радиостанция және 1365 интернет - БАҚ жұмыс істеуде.
Дегенмен, дәстүрлі баспасөзден гөрі әлеуметтік желілер мен интернат порталдардың әлеуеті қоғамдық пікір мен көзқарасқа мейлінше ықпал ететінін мойындауымыз керек.
Бұл талқылауға жатпайтын екі айқын ұстаным бар. Біріншіден, елімізде азаматтардың пікір білдіру, ақпарат алу және тарату құқығы заңмен қорғалады. Сол себептен де соңғы жылдары мемлекет медиа кеңістіке қатысты заңнаманы жаңартып, адам құқықтарын кеңейтуге бағытталған бірқатар өзгерістер енгізді.
Екіншіден, 2024 жылы қабылданған жаңа БАҚ туралы заң журналист мәртебесін нақтылап, мемлекеттік органдардың ақпарат беру жауапкершілігін күшейтуді көздеді. Сонымен қатар, ақпаратқа қолжетімділік мәселесін жетілдіру жөнінде нормалар қарастырылды. Осының бәрі елдің ақпарат кеңістігіндегі оң өзгерістер деуге болады.
Әлбетте, медиа кеңістіктегі ашықтық пен қолжетімділік принципі тұтас ақпаратпен қамтудағы нақтылық пен дәйектілікті талап етеді. Бұл туралы БАҚ қызметкерін марапаттауға арналған жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та нақтылады. Мемлекет басшысы өз журналистердің жалған ақпарат таратуға қарсы күресте атқаратын рөліне тоқталды.
– Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботофермалардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа саласының қызметкерлері жауапкершілік танытып, мемлекеттің аталған гибридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.