Өскемен гарнизонының әскери полиция бөлімі №27943 әскери бөлімінің аумағынан өз еркімен кетіп қалған мерзімді әскери қызметшіге іздеу жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2004 жылы туған қатардағы жауынгер Айқын Ерланұлы Мархан тәуліктік наряд құрамында күндізгі кезекші ретінде қызмет атқарған. Белгілі бір уақытта ол қызмет орнын өз бетінше тастап кеткен. Әскери полицияның мәліметінше, сарбаздың жанында қару болмаған.
Сондай-ақ әскери қызметшінің бөлім аумағынан әскери киіммен шыққаны айтылды. Алайда оның кейін азаматтық киімге ауысуы мүмкін екені де айтылды.
Қазіргі уақытта іздестіру шараларын әскери полиция ішкі істер органдарымен бірлесіп жүргізіп жатыр. Бұл іс Қазақстан Қарулы күштері Әскери полициясы бас басқармасы басшылығының жеке бақылауына алынған.
Іздестіріліп жатқан сарбаздың бойы шамамен 177 сантиметр, салмағы – 80 келі. Дене бітімі орташа, көзі қара, шашы қысқа әрі қара түсті, бетінде меңдері бар.