Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында қайын інісінің үйлену тойынан алған әсерімен бөлісті. Алайда оның жазбасындағы кейбір тұстар оқырмандар арасында пікірталас туғызды, деп хабарлайды kznews.kz.
Тележүргізушінің айтуынша, қайын інісі бұған дейін отбасылы болған. Ерлі-зайыптылардың жолы шамамен он жыл бұрын екіге бөлінген. Кейін ол қайта шаңырақ көтеріп, таңдаған жарына үйленген.
Сұлтанқызы тойдың ерекше форматта өткенін атап өтті. Оның сөзінше, мерекелік кешке туыстар арасынан ең жақын жандар ғана шақырылып, жастарға арналған көңілді басқосу ұйымдастырылған. Қонақтар түрлі ойындарға қатысып, кештің жоғары деңгейде өткенін жазған.
«Кеше қайын інім екінші рет үйленді. Бірінші әйелімен он шақты жыл бұрын ажырасқан еді. Өзі әп-әдемі, жағдайы бар жігіт. Келін де керемет. Тойға туыстардан ең жақын адамдар ғана шақырылды. Нағыз жастардың тойы болды. Тіпті кеткіміз келмей отырдық», – деп жазды ол.
Тележүргізуші кештің еркін форматта өткеніне де тоқталып, тойды жүргізген әзілкештер мен асабалардың жұмысын жоғары бағалады. Әзімбек пен Мұхамед Жановтың тандемін ерекше атап өтіп, ізденіп жүргендерге оларды ұсынды.
Алайда жазбадағы қайын інісінің бірінші некесі мен ажырасқаны туралы ақпарат кей оқырманға ұнамады. Желі қолданушылары тележүргізушінің жақын адамының жеке өміріне қатысты мәліметті жария түрде айтқанын артық санаған.
«Өсекті де грамотно, тактично айтады екенсіз», «Қызық-қызық екенсіз, Ләйлә әпке», «Содан? Келін құтты болсын. Өсекті жібереді екенсіз», – деп пікір қалдырды желі қолданушылары.
Осылайша, Ләйлә Сұлтанқызының тойдан кейінгі жазбасы қуанышты жаңалықтан гөрі, оның қайын інісінің өткен отбасылық өмірін атап өтуіне байланысты талқыланды.