Ресейлік блогер Роман Зубенко Германияның Дюссельдорф қаласында өткен Димаш Құдайбергеннің концертіне қатысты пікір білдіріп, әншіні орыс тілінде амандаспағаны үшін сынға алды. Оның айтуынша, кеш барысында орыс тілінде бір ғана ән орындалған, деп хабарлайды kznews.kz.
Роман Зубенко концертке келгендердің басым бөлігі орыс тілінде сөйлейтінін айтып, әншіден орысша көбірек ән күтетінін жеткізді. Сондай-ақ оның пікірінше, Димаш көрермендермен орыс тілінде амандасуы керек болған.
Блогер мұны тыңдарманға деген құрметтің жеткіліксіздігі деп бағалап, орыс тіліндегі әндердің аз екенін алдын ала білген кейбір көрермендер концертке билет алмауы мүмкін екенін айтты.
Алайда оның бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады. Желі қолданушылары Димаштың халықаралық деңгейде өнер көрсететінін және концерттерінде бірнеше тілде ән орындайтынын алға тартты. Кейбірі әлемдік жұлдыздардың өзге елдерде міндетті түрде жергілікті немесе орыс тілінде ән айтпайтынын еске салды.
Сонымен қатар Зубенко концерттен алған жалпы әсері жақсы болғанын жасырмады. Ол Димаштың өнерін жоғары бағалап, мұндай деңгейдегі шоу үшін билет құны үш есе қымбат болса да, төлеуге дайын екенін айтты.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген қазір DIMENSIONS атты әлемдік турнесін жалғастырып жатыр. Dimash News мәліметінше, жоба аясында әншінің орындаушылық өнерімен қатар композиторлық және продюсерлік қыры, шығармашылық жолы да таныстырылады.